Қызылшаға қарсы екпенің миллиардтаған дозасын пайдалану нәтижесінде әлемнің бірде-бір елінде қайтыс болу оқиғалары тіркелген емес. Бұл туралы ақпанның 4-інде Қазақстандағы БҰҰ өкілдігінде өткен Еуропа өңірінде қызылшаға қарсы екпе жасау мәселелеріне арналған “дөңгелек үстел” барысында Испанияның Сантьяго университеттік клиникалық ауруханасының педиатрия және инфекциялық аурулар бөлімінің жетекшісі, доктор Федерико Мартинон Торрес мәлімдеді.
Генетика, вакциналар, инфекциялар және педиатрия жөніндегі зерттеу тобын үйлестіретін маманның айтуынша, екпе жасау – инфекциялық аурулар, оның ішінде қызылшаның алдын алуда жалғыз амал. Вакциналау жасанды иммунитетті қалыптастыруға әсер етеді. Адамда қандай да бір ауруға қарсы иммунитет болмаса, ол қатерлі асқынуларға және өлім-жітімге әкеліп соғады.
Қазақстан тұрғындары арасында иммунитеттің жеткіліксіздігінен 2014 жылы қызылша өршіп кеткен. Осыған байланысты қосымша иммундау шарасын өткізу туралы шешім қабылданды.
Доктор Федерико Мартинон қызылшаға қарсы екпе жасаудан зиян болған күннің өзінде ол жұқпалы дертпен ауырғаннан миллиондаған есе аз екенін атап көрсетті. «Екпе әлемнің барлық елдерінде табысты қолданылуда. Соның арқасында 6 миллионға жуық адамның өмірі сақталып, дертке шалдыққандар саны 1 млн.-ға дейін қысқарды. Бұл – үлкен нәтиже. Ауру жұққан жағдайда 1 мың баланың ішінде біреуі қайтыс болатыны анықталды», – деді сарапшы.
Бүгінгі таңда Қазақстанда екпе жасалған 523 мың адамның ішінде 294 жағдайда жағымсыз көріністер тіркелді. Бұл жалпы егілгендер санының 0,05%-ы. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ведомствоаралық жұмыс тобын құрып, халықаралық сарапшыларды тарта отырып, екпеден кейін байқалған жағымсыз көріністердің әрқайсысын жеке қарастыруда. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Қазақстанда қосымша иммундау шарасы осыдан 10 жыл бұрын өткізіліп, нәтижесінде елімізде қызылшамен сырқаттанушылық 16 мыңнан 13 жағдайға дейін күрт төмендеді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің
баспасөз қызметі.