Мен 1965 жылы Алматыдан педагог мамандығын меңгеріп, диплом алып келгеннен кейін, еңбек жолымды осы өзім туып-өскен өңірде бастадым. Мұғалімдік өмірімнің алғашқы жылынан бастап “Soltústik Qazaqstan” газетіне үзбей жазылып, өзіме рухани азық алып келемін. Оған да 55 жыл өтіпті.
Қазақ елінің бас басылымы “Егеменмен” құрдас, өңірімізде қазақ тілінде тарайтын жалғыз облыстық газеттің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлттың жанашырына қолдау білдірмесек, баршамызға үлкен сын. Сондықтан көзі ашық, көкірегі ояу, санасында саңылауы бар әр қазақ намысқа тырысуы керек деп ойлаймын.
Өңірден ұзап, басқа облысқа бара қалсаң: “Сіз қай жерден келдіңіз?” деген сұрақ алдыңнан шығады. Сол кезде “Мен Солтүстік Қазақстаннан келдім” десеңіз болғаны… Біздің қасиетті топырағымызда дүниеге келген атақты ақын-жазушыларымызды, өнер адамдарын, сал-серілерімізді тізе жөнеледі. Бұдан артық туған жерге деген зор мақтаныш болмас, сірә. Киелі қарашаңырақта Алаштың ардақты ұлдары қызмет етіп, ұлт үшін ұлы істерді тыңдырғанда, біз неге бейжай қалайық.
Мерзімді баспасөзге жазылу науқанында зиялы қауым өкілдері Зейнолла Олжабаев, Жақсылық Ысқақов, Тілек Әбдірахманов, Армия Әбілқайыров, Жұмаш Сейітбеков тұрғындарға ой салатын мақалалар жазды. Біз қазақ үлкенді сыйлаған, сөзін жерге тастамаған халықпыз. Басылымның ғасырлық мерейтойы қарсаңынды ана тілінің, ұлтының болашағын ойлаған әр қазақ газетке жазылып, жанашырлық танытса нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе, ұстаздар қауымы бұл мәселеден шет қалмауы тиіс. Білікті де білімді ұстаз кітап, газет оқуды өзінен бастамаса, ертеңгі күні қайтіп шәкірт тәрбиелейді? Көргені көп, түйгені мол ұстаз ретінде өзімнің кейінгі буын әріптестеріме газет тәрбие құралы екенін айта аламын. Сондықтан елмен бірге жасасып, талай сыннан сүрінбей өткен облыстық басылымға қолдау көрсетіп, қазақтығымызды, елдігімізді дәлелдейік.
Қымбат ИСМАНОВА,
еңбек ардагері.