«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЙЫНДЫҚТЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапа­рымен Аққайың ауданындағы Дайындық ауылына барды. Елді мекенде үш нысан – мәдениет үйі, балабақша, ойын-сауық орталығы ашылды.

Бүгінде Дайындық ауылы – өңір­дегі алдыңғы қатарлы елді мекендердің бірі. Бұл еселі еңбек – ауылына жана­шырлық танытып отырған «Дайын­дық-Агро» ЖШС директоры Біржан Шаймерденовке тиесілі. Бұл ауылда небәрі 28 үй қалса, қазіргі таңда олар­дың саны 86-ға жетті. Ауылға жаңа от­басылар қоныстанып, тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік нысандар бой кө­теруде.

Осы жолы 1967 жылы салынған мәдениет үйінің ескі ғимараты жаңар­тылып, «Шаңырақ» ойын-сауық орта­лығы болып қайта ашылды. Мұнда ап­тасына бір рет ересектерге арналған би кештері ұйымдастырылмақ. Қалған күндері оқушылар үшін түрлі үйірме жұмыс істейді.

Ал Мәдениет үйі үшін жаңа ғимарат салынды. Жарқыраған жаңа нысанға көшкен ұжымның жоспары көп. Бұған дейін домбыра үйірмесі, әжелер клубы, мұғалімдердің вокал тобы, көркем гимнастика жұмыс істесе, ендігі мақсат – «Сағындырған әндер-ай» әншілер то­бын құру.

Келесі ашылған нысан – балабақ­ша. Бұрын ауылда 18 орындық бала­бақша болған екен. Соңғы кезде кіші топқа өтінімдер көбейіпті. Ауылда ба­ланың саны артқан соң балабақшаны кеңейтуге тура келген. Енді ол бір ме­зетте 40 баланы қабылдай алады.

«Ауылдың өсіп-өркендеуіне аянбай үлес қосып жүрген жерлесіміз Біржан Шаймерденовке ерекше алғысымды білдіремін. Тек биылдың өзінде ол жеке қаражаты есебінен ауылда бала­бақша, 300 орындық Мәдениет үйін, спорт кешенін салып, мәдени-сауық­тыру орталығына күрделі жөндеу жұ­мыстарын жүргізді. Сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін 15 тұрғын үй салды. Бұл – бизнес өкілдерінің ауылдың да­муына белсене араласуының жарқын үлгісі», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Қазіргі таңда Дайындық ауылында балабақша, мешіт, Мәдениет үйі, жас­тар үйі, спорт кешені, май өңдейтін зауыт, қасапхана, «Аққайың» тойхана­сы, дүкен, медпункт, жөндеу шеберха­насы, монша жұмыс істейді.

Перизат ӘМІР,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp