«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАРИЯ КЕУДЕ, ТАУ МҮСІН

Дананы, кемеңгер мен кемелді, құдіретті кісілерді халықтың ниеті, қошеметі тудырады. Әдетте ондай тұлғалардың еткен еңбегі, төккен тері, кешкен ғұмыры, бар болмыс-бітімі қарақан басымен шектеліп қалмай, өзі өмір сүрген заманымен астасып, сол кезеңнің айғағына айналып кетеді. Қазақта сондай дара туған адамдардың бірі – Бекет Тұрғараев.

Мұндай жандардың өмірден көргені де, көңілге түйгені де бір басқа. Ол – жүрген жерінде өлшеусіз із қалдыратын, жай із емес-ау, өнегелі, ұлағатты, елеулі із қалдыратын азамат. “Жақсыдан – шарапат” деген халық даналығы көзінен мейірім, жүзінен шуақ есіп тұратын замандасым Бекетке арналғандай. Тіпті, кемеңгер жазушы М.Әуезов кезінде адамдарды екі топқа бөлген екен: “Бірі –төңірегінде түн-түнек орнатып, кең дүниені бір уыс етіп тарылтып, адамдардың мазасын алып, қырып жүрсе, екіншісі – төңірегіне нұр шашып, төңірегіндегілерді қанаттандырып, өсіріп, өзімен тең санап, ақылдасып жүрер кенендер тобы”, – деген қанатты сөзіндегі жасампаздықты тура Бекеттің болмысынан табасың. Мұнымыз мүлде әсірелегендік емес. Себебі, бойынан дарқан даланың қарапайым қазақы иісі бұрқырап тұратын жанмен дидарласа қалсаң, осыны сезінгендейсің. Қазіргідей прагматикалық есепке құрылған заманда көңілі риясыз таза адамды кездестіру де сирек құбылыс екені жасырын емес. Әңгімеміздің арқауына айналып отырған Бекет Тұрғараевты жақсы мен жаманның, қадір мен қасиеттің, алыс пен жақынның өлшемін білетін, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп үйренген өнегелі азамат деуімізге толық негіз бар. Өйткені, ол – білімге құштар, жақсылыққа жаны құмар, жаңалыққа ынтық жан. Ғибратты ғұмыр кешіп, өмір сынынан сүрінбей өтіп келе жатқан қазақтың зиялы ұлы Бекет Тұрғараевтың қоғамға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Одан қалды Бекеттің шешендік сөздерді, нақылдарды, қалжыңдарды сан қилы аңыз-әңгіме ғибраттарды майын тамызып айтатын қыры тағы бар. Сонымен қатар әдебиетке, көркемсөзге деген ғашық ниеті оны әдебиет пен өнерде шоқ жұлдызға айналған қайраткерлермен дос етіп, тонның ішкі бауындай араластырып, араларын үлкен ғажайып сыйластыққа ұластырады. Әдебиетке деген сүйіспеншілігі болар “Абайдан асқан ақыл жоқ, Мағжаннан асқан ақын жоқ” деген ғибратты өз аузынан талай естігенім бар.

Бекет Тұрғараев – киелі өңір Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданына қарасты Шарапхана ауылының тумасы. Әулиелі өлке, басында Нұқ пайғамбардың кемесі қалған әйгілі Қазығұрт тауының етегінде балғын балалық шағы өтіп, оның шүйгін шөбінде асыр салып, жұпар ауасын сіңіріп, бал суын ішіп өскен азаматтың ішкі жан дүниесі саф алтындай таза. Кіндік қаны тамған қасиетті топырақтан нәр алған Бекет тумысынан шындықты, адалдықты ту етіп өсті. Сондықтан болар, оның бала күннен бойына сіңген асыл қасиеті, турашылдығы оны заң қызметкері мамандығына жетеледі. Сондай-ақ, оның “Қанша биік болғанмен, Алатау аспан астында, Қанша ұлық болғанмен, адам заң аясында” деген ұраны бар болатын. Асыл арманның сандал көгін ақ тер, көк тер етіп тілгілеген Бекет Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетіне түсіп, оны ойдағыдай тамамдағаннан кейін өзі сүйген мамандықтың қиындығы мен қызығына араласа жүріп, тәлімді тәжірибе мектебінен өте білді. Өзінің барлық саналы ғұмырын қалтқысыз қызметке арнаған Бекеттің маңдай тері зая кеткен жоқ. Әрине, заң саласы қажымас қажырлы еңбек пен орасан зор тер төге білуді және талғампаз әрі ғылыми ізденімпаздықты ұтымды күйде қолдана білуді талап ететіні анық.

Оның сыртында ар алдында көтерер жүгің де жеңіл емес екендігі аян. Үнемі тынымсыз еңбек, қатаң талап, қатал тәртіпті жанына серік еткен ол талай тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өте білді. Ол үшін әрбір өткен уақыт пен төгілген тер – баға жетпес құндылық. Осындай қалтқысыз еңбегінің арқасында шын мәніндегі текті тұлғаға айналды. Сан қырлы тәжірибесінің жетістігі болар, Оңтүстік Қазақстанда облыстық соттың төрағасы болып төрт жыл қызмет атқарды. Содан соң Әділет министрлігінің департамент директоры лауазымын да абыроймен игере білді. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық соты төрағасының қызметін он жыл атқарып, мерейі үстем болды. Сол кезде Жоғарғы сот тарапынан осы соттың қызметі жоғары бағаланып, ондағы тәжірибе бүкіл республикаға таратылып, ірі жиындар өткізіліп, озық тәжірибенің сыры мен сипаты баршаға кеңінен насихатталған еді. Бұл да нәтижелі еңбектің жемісі дер едім. Мен бұл жерде Бекеттің еңбек жолын тізбектеуден аулақпын. Алайда, оның заң саласындағы қызметтерінен басқа елшіл, халықшыл, мемлекетшіл және биік азаматтық үдеден шыға білу қырына терең үңілсем деймін. Шенеунік қызметте жүрсе де, халық игілігі үшін қолын созып, көмек көрсеткен тұстары аз емес.

Қайда жүрсе де, атқарған ісінде өзіндік қолтаңбасы бар. Қоғамда болып жатқан игі шараларға қатысып, үнемі қайнаған ортада жүреді. Мәселен, биыл Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласының бой түзегеніне аттай жарты ғасыр толды. Осындай айтулы қуанышқа орай Бекет Тұрғараев өлкенің атақты ақын-жазушыларының, мәдениет қайраткерлерінің, ірі тұлғаларының 50 кітабын шығаруға мұрындық болды. Негізінен Маңғыстау өлкесі географиялық орналасуы бойынша еліміздің батыс шалғайындағы облыс екені белгілі. Өлке тарихында айтулы із қалдырған ақын, жазушы, ғалым, батыр, шешен бабалар аз болмаған. Жасыратыны жоқ, қазіргі заман талабына сай жастардың компьютер, ғаламтор сияқты техника жетістігін пайдалануға ерекше ден қойған шақта кітап оқуға деген көзқарас біраз шектеліп, саябырсып қалған тұста мұндай жинақты дүниеге әкелуі үлкен іс дер едім. Кешегі сайрап өткен ұлы бабалардың мұраларын бүгінгі күн қажетіне жарату мәнін жоймаған шаруа екенін айғақтай түскендей. Атақты Қашаған ақын, Оразмағанбет ғалым, Мәтжан би, ән мен күйдің базары болған Жеті қайқы, Түмен ақын, т.б. жыр жауһарларын бүгінгі жастарға жеткізуі нар көтерер жүк емес пе? Тағы бір айта кететін жайт, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың 10 томдық шығармалар жинағын, т.б. ақын-жазушылардың еңбектерін жинақтап, демеуші ретінде қол созуы оның қазақ әдебиетіне деген ыстық ықыласын, сүйіспеншілігін, қамқорлығын таныта түскендей. Қасиетті Ұлы баба Бекет-Атаның 260 жылдық мерейтойына барлық өңірден 2000-дай қонақ жинап, Шымкент қаласында конференция өткізуі ұлтжанды азаматтың тағы бір қырын аша түскендей. Ол үнемі үлгі боларлық шаруаларға басшы болып, шебер ұйымдастырып, сауапты іс атқарып жүргенін талай көзіміз көріп, куә болдық.

Солтүстік Қазақстанда қызмет етіп жүрген жылдары да Бекет Тұрғараев ұлттық құндылықтарымыздың қорғаушысы болып, елдің алғысына бөленді. Мәселен, есімі барша қазақ даласына танымал Тоқсан бидің жинағын шығарып, одан Петропавл қаласында көше атын бергізіп, зиратының басына кесене тұрғызу істерінің басықасында Бекең болды. Сегіз серінің жинағын да алғаш рет шығаруға Бекең жәрдемдесті. Қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына 25 жылдай қолбасшылық еткен сардарбек, ордабасы Тәуке ханның “Жеті жарғысын” жазуға қатысқан, “Елім-ай” дастанының авторы Қожаберген жыраудың есімін елге таратуда елеулі еңбек сіңірді. Кейбіреулердің аяқтан шалып, етектен тартқанына қарамастан, ол бабамыздың 350 жылдық мерейтойының мемлекет деңгейінде өтуіне мұрындық болып, Алматы мен Астана қалаларында халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізудің басықасында өзі жүрді. Кейбіреулер тек өз атасы, өз бабасы дегенде ғана белсенділік танытып жатқанда Бекет Тұрғараевтың жалпы қазақтың мүддесі үшін ерен еңбек еткені мәңгі ұмытылмайтын іс екені даусыз.

Қазіргі дәуір ерекшелігін ескере отырып, адамдарды имандылыққа, мейірім-шапағатына бөлер, ой салар, қайырымды сауапты іс-шаралар қажет-ақ. Иә, экономикалық дағдарыс, ел басына түскен уақытша қиыншылықтар мен алмағайып кезеңдердің бәрі өтеді, ал рухани мұра – баға жетпес асыл қазына. Адамдарды рухани шөліркетпеуге атсалысып, білек сыбанып күресіп жүрген Бекеттің бұл қадамы мың сауаптан тұрады десек, бәлкім қателеспеспіз. Егер Бекеттің қоғамға сіңірген еңбегін тәптіштеп тізе бермек, таусылмайтын әңгіме деуге болады. Қазіргідей қиындығы көп, ер-тоқымы бауырына түскен заманда тек мықтының мықтысы ғана белін бекем буып, алға суырылып шығатыны сөзсіз. Міне, сол азамат Бекет Тұрғараев деп ұялмай айта аламыз. Оның өмірдегі ұстанымы мүлде бөлек. Қазақы тілмен сипаттасақ – ақкөңіл жан. Жарты құртты бөлісіп жеуге даяр. “Мен тапқан табысымның 70 пайызын көмекке беремін, қалған 30 пайызы отбасымды асырауға жетеді”, – деп қалжыңдап қояды ол, әзіл-шынын араластырып. Адамдардың көңіліне иман ұялатқан Бекет Тұрғараев – бүгінде заң ғылымдарының докторы, профессор. “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы. Өмірдегі қосағы, адал жары Ұлды екеуі қырық жыл қол ұстасып, ұл-қыз өсіріп отырған бақытты отбасы иелері. Осы орайда менің ойыма Шымкент қаласында өткен ерекше бір той оралып отыр.

Қазақ қашанда ұлды шаңырақ иесі, ат ұстарымыз деп дәріптеген ғой. Мен де дәм жазып Бекет пен Ұлдының немересі Асылмұраттың тілашар, сүндет тойының қадірлі мейманы болдым. “Екі жұлдыз” атты сәнді мейрамханада белгіленген тойға жан-жақтан жанашыр достары, тілектес туыстары, үзеңгілестері, барлығы дерлік жиналып, ұлан-асыр той өтті. Мен бұл жерде құстың сүтінен басқаның бәрі бар дастарқанды мадақтаудан аулақпын, алайда, тойдың ұрпақ тәрбиесіне серпін берер ұлағатты тұстары көп, тәрбиелік мәні зор той болғанын айтып отырмын. Міне, той жасағанда дабыралыққа жол бермей, осындай ұлттық нақышта бояуын сіңіре білсек, ұрпағымызға да өнеге беруге кең жол ашылар еді. Таусылмайтын, бірін-бірі қайталайтын көп тілектер қысқартылған, оның есесіне ән, күй, ұлттық ойындар, т.б. өріс алған бұл той басқа тойлардан ерекше болды.

Сөзімізді түйіндер болсақ, “Жақсылыққа жақсылық жасау – әр адамның ісі, ал жамандыққа жақсылық жасау – нар адамның ісі” демекші, жамандық жасағандарға да жанашыр көзқараспен қарайтын нар жігіт, дария кеуде, тау мүсін Бекет Тұрғараевтай азаматтарымыз әмәнда аман болсын! Тек жақсылардың жанынан табылайық!

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp