“Біздің тату отбасы” эстафетасы 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы үш кезеңде өткізілген фестивальдың қорытынды шарасы болды. Отбасылық эстафетаға ішкі істер департаменті, қылмыстық-атқару жүйесі, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, мамандандырылған күзет қызметі басқармасы және қалалық ішкі істер басқармасы атынан бес команда қатысты.
Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләлов жеңімпаздарды құттықтай отырып, ішкі істер органдары қызметкерлерінің саламатты өмір салтының, белсенді дене қозғалысы мен дайындықтың ұстанушылары болуы керектігін атап өтті. Жеңімпаздың дипломы мен сыйлық планшет Петропавл қаласы ішкі істер басқармасы командасына – Мусиндер отбасына тапсырылды. Жүлделі екінші және үшінші орындардың бағалы сыйлықтарын қылмыстықатқару жүйесі департаменті мен мамандандырылған күзет қызметі басқармасы командаларының Бакеновтар мен Баяхметовтар отбасылары жеңіп алды.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы.