«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДИҚАНДАР ЖЕҢІСІ

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, облыс аумағында күзгі орақ науқаны өз межесіне жетті. Өңір диқандары қамбаны 5,3 млн. тонна алтын дәнмен толтырып, алқаптың әр гектарынан 18 центнерден өнім алынды.

Басқарма басшысының орынбасары Қуандық Шақұбаевтың айтуынша, маңызды науқан барысында агроқұрылымдарға мемлекет тарапынан арзандатылған бағамен жанар-жағармай берілді. Техника паркін жаңарту мақсатында “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ы арқылы жеңілдетілген несие ұсынды.

– Үстіміздегі жылы облысымыздағы егіс алқабы 4,2 млн. гектарды құрады. Оның ішінде дәнді және дәндібұршақты дақылдар 2,8 млн. гектар, майлы дақылдар бір миллион гектар, ал жемазықтық дақылдар 414,7 мың гектар жерге егілді. Ауа райының қолайсыздығынан дақылдарға шалғы кеш түсті. Соған қарамастан, Ақжар, Аққайың, Есіл, Тимирязев, Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың диқандары орақ науқанын уақтылы аяқтады, – дейді Қуандық Нұрғазыұлы.

Биыл 707 мың тонна майлы дақыл бастырылып, әр гектардан орташа 8,9 центнерден өнім алынды.

Биылғы дәнді және майлы дақылдар сыйымдылығы 6,6 млн. тоннаны құрайтын жергілікті астық қабылдайтын элеваторлар мен қоймаларға жеткізілуде.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp