«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Домбырасының үні қалды құлақта…

Облыстық Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, бас жүлде иегері, домбырашы Думан Күдеровті еске алуға арналған “Сағыныш сазы” атты кеш болып өтті. Оған марқұмның туған-туыстары, достары, қала жұртшылығы мен күй өнерін дәріптейтін қауым көптеп жиналды.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жол апатында қайғылы қазаға ұшыраған Думан Күдеровтің есімі өнер тарихында қалғаны анық. Өйткені, Думанның халықаралық додаларда қол жеткізген жетістіктері аз емес.  

Кеш барысында назарымызға оның түрлі конкурстарда бақ сынаған сәттерінен бейнефильм ұсынылды. Өрімдей ғана жастың шетел асып, қазақтың қара домбырасымен қазылар алқасының жүрегін жаулап алғаны таңдай қақтырмай қоймайды. Думанның анасы Тойкен Күдерова 35 жыл бойы балғындарды өнерге баулып келеді. Оның шәкірттері де елдің атын шығарып, ұлттық мәдениетімізді өзге жерлерде танытып жүр. Марқұм Думан да домбыра тартуды анасынан үйреніпті. 2-3 жасында қолына домбыра алғанда ата-анасы оның болашақта танымал күйші боларын меңзепті. Расында, тынымсыз еңбекпен келген Думанның өнеріне тәнті болмаған жан жоқ шығар. Ол облыс деңгейінде өтетін кештерде де күй ойнап, өнер көрсетті. Өмірінің соңғы күніне дейін түрлі конкурстарда елдің намысын абыроймен қорғай білді.  

Кешке келген қонақтар атынан сөз алған қалалық мәслихаттың депутаты Жангелді Тәжин Думанның патриот болғанын атап өтті. Қаламыздың түрлі өнер ұжымдары мен әншілері, күйшілері концерт берді. Олардың арасында Думан сияқты кішкентай кезінен түрлі додаларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген жастар да өнер көрсетті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp