Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенованың төрайымдығымен облыстық әкімдік жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда діни экстремизм және лаңкестік әрекеттердің алдын алу бойынша Шал ақын және Есіл аудандарында атқарылған жұмыстардың барысы тыңдалып, конфессияаралық диалогты насихаттау және нығайту жөніндегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі сөз болды.
Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Зина Байғаскина мен Есіл ауданы әкімінің орынбасары Айнагүл Бектасова аудандардағы діни ахуалдың тұрақты екенін айтып, дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-насихат топтары жыл басынан бері өткізген шараларға тоқталды. Олардың айтуынша, биылғы жылы аталмыш сала бойынша заңсыз әрекеттер тіркелмеген.
Жиында “Қасиетті Троица” Рим-католик шіркеуінің конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайтудағы орны турасында шіркеу басшысы Дариуш Пашинский баяндаса, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмас Файзулин дін мәселелері бойынша облыс тұрғындарын ақпараттандыру турасында жүзеге асырылып жатқан жұмыс жайында есеп берді.
Облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Мұратбек Зейнуллиннің айтуынша, биылғы жыл діни шараларға толы болды. Өңірімізде ғибадатханалар бой көтеріп, дін өкілдері үшін қасиетті саналатын жәдігерлер әкелінді. Конфессияаралық келісімге арналған облыстық деңгейдегі шаралар ұйымдастырылып, дінтану негіздері бойынша онлайн режімде ашық сабақтар өткізілген.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова дін бірінші кезекте халық бірлігін сақтау тұрғысында жұмыс істеуі керектігін айтып, оны жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдар мен дінбасылар жұдырықтай жұмыла еңбек етулері тиіс екендігін атап көрсетті. Келер жылдан бастап оқушылар мен олардың ата-аналарының діни сауаттылығын арттыруға қатысты жұмыс ерекше назарға алынбақ.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.