«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІНМҰХАММЕД ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

Оралхан Бөкей атындағы XVI республикалық байқау өз мәресіне жетті. Көркемсөз оқу шеберлерінің сайысында облыс намысын қорғаған Дінмұхаммед Аяхвай екінші орынды жеңіп алды.

Ол – Петропавлдағы өнер колледжінің “Актерлік өнер” мамандығының 4-курс студенті. Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның орталығында туып-өскен. Ата-анасы 1992 жылы Моңғолия елінен атамекенге оралғандардың қатарында болды. Оқушы кезінен гуманитарлық пәндерге қызығушылық танытқан ол облыс орталығында орналасқан өнер колледжінде актерлік өнерге үйрететін мамандықтың барын естіп, оқуға түседі. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының бас режиссері Баатырбек Шамбетовтің шеберханасында білім алып жүрген жас өнерпаз жазушы Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына ынта қойып дайындалғанын айтты.

Сайыстың облыстық кезеңі үстіміздегі жылдың наурыз айында Айыртау ауданында өткен болатын. Онда да қатарластарынан оқ бойы озық тұрған ол жеңімпаз атанып, ақтық мәреге жолдама алды.  

Ішкі сенімі оны алдамапты. Бірінші орыннан көрінбесе де, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 үміткердің ішінде асығы алшысынан түскендердің қатарынан табылды.

Байқаудың алғашқы кезеңінде Оралхан Бөкейдің “Апамның астауы”, ал екіншісінде “Тортай мінер ақ боз ат” әңгімелерін нақышына келтіріп оқып береді. Доданың соңғы мәресінде қазылар алқасының назарына айтыскер ақын Арман Бердалиннің “Жоқ іздеп жүрмін” атты өлеңін ұсынды. Осылайша қазылар алқасының көңілінен шыққан жерлесіміз көкшетаулық Серікжан Мамановтан ғана ұтылып, екінші орынды иеленді.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp