«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДҰРЫС ТАҢДАУ

Парламент Мәжілісі депутаттарының елімізде мерзімінен бұрын Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын өткізу жөніндегі Үндеуіне орай “Ауыл” Халықтық-демократиялық патриоттар партиясы облыстық филиалының жетекшісі Иван Кендюхпен сұхбаттасқан едік.

– Иван Гаврилович, Парламенттегі үш фракцияның Мәжілісті мерзімінен бұрын тарату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы бастамасын жұртшылық қалай қабылдады?

– Алдымен мына мәселені ескеру керек. Парламент сайлауын кезектен тыс немесе мерзімінен бұрын өткізу тәжірибесі әлемнің көптеген елдерінде бар. Саяси жағдайға, экономикалық күрделі ахуалға байланысты шешім алынып, көпшілік тарапынан қолдау тауып жатса, оны өркениеттіліктің, зайырлылықтың белгісі, демократиялық құндылықтардың орнығуы деп түсінгеніміз абзал. Бұдан Парламент жаман жұмыс атқарғандықтан таратылып жатыр деген ой қалыптаспауы керек.

Өз басым аталмыш Үндеудегі бесінші шақырылымдағы Мәжіліс өзінің тарихи миссиясын орындады деген пайымға толық қосыламын. Парламенттің Елбасының Ұлт жоспарын заңдылық тұрғыдан негіздеп бергеніне ешкім дауласа қоймас. Қазір уақыт ауаны да, талабы да мүлдем басқаша. Сыртқы дағдарыс құбылыстары Қазақстанға да теріс әсерін тигізгендігін бәріміз сезініп отырмыз. Алдымызда Елбасы белгілеп берген Бес институттық реформа мен дағдарысты еңсерудің серпінді Стратегиясын жүзеге асыру сияқты өте ауқымды міндеттер тұр. Бәріміз Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне тығыз топтаса отырып, жаңа серпілістер, тың мүмкіндіктер әкелетін шараларды көпшілік болып, талмай қарастыруымыз қажет. Сондықтан ілгері басудың саяси, экономикалық басымдықтарын мүлтіксіз орындаудың бірден-бір кепілі ретінде жаңа тұрпатты Парламент құрылса, құба-құп. Бәсекеге қабілетті, саяси деңгейі биік, күш-қуаты мол жаңа лек келіп жатса, күрделі кезеңнің биік асуларын бірлесіп жеңеріміз анық. Негізгі мақсат-мүдде аса дамыған 30 елдің қатарына қосылуға жұмылдырылады.

– Таңдауды қоғам жасайды деген пікірдесіз ғой?

– Әлбетте. “Ауыл” Халықтық-демократиялық патриоттар партиясы ауыл тұрғындарының, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің, шаруа қожалықтарының мүддесін көздейтін саяси құрылым болғандықтан, Қазақстанның әрі қарай табысты өркендеуіне ынталымыз. Сондықтан жаңа Парламент жасақтауда халық қолдауына жүгінудің, сенім мандатын алудың саяси мән-маңызы зор.

– Кезектен тыс сайлауды тағайындау туралы байлам жасалып жатса, саяси додаға қатысасыздар ма?

– Әрине. Бізді бірінші кезекте ауылдықтардың өмірі, тұрмысы толғандырады. Парламент мінберінен олардың мұң-мұқтаждарын, өтініш-тілектері естіліп, тиісті орындарға жетіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Еліміз үшін тағдырлы кезеңде тарихи мәні бар Үндеуге қолдау жасау саяси көрегенділіктің белгісі деп есептеймін.

Әңгімелескен

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp