«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘРІГЕР ТАПШЫЛЫҒЫ ӘЛІ ДЕ ӨЗЕКТІ

 Бүгінгі таңда өңіріміздегі емдеу мекемелеріне 316 дәрігер жетіспейді. Әсіресе, педиатр, лор, окулист, клиникалық фармоколог сияқты салалық мамандар тапшы. Ал өңірімізде қан айналымы жүйесі аурулары бойынша өлім-жітім саны республикалық көрсеткіштен 60 пайызға жоғары.

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы жанындағы саяси кеңес бюросының отырысында “Денсаулық” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Жиынға “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Құмар Ақсақалов қатысты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Владимир Безлердің айтуынша, соңғы үш жылда өңірімізге 233 жас маман келсе, оның жартысына жуығы ауылды жерлерге аттаныпты. Десек те, маман тапшылығы әлі де сезіледі. Бүгінгі таңда дәрігерлердің дені – зейнеткерлік жасқа жеткендер және егде тартқандар. Олар құрметті демалысқа кетер болса, дәрігер тапшылығы одан сайын ушығады деп күтілуде. Ал маман тартуда қолға алынған жұмыстан нәтиже шамалы.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Денсаулық” бағдарламасы сылбыр жүзеге асырылып отырғанын айтты. Бұл мәселе бұрын да саяси кеңестің бюросында талқыланған, сол кезде берілген тапсырмалар қаншалықты орындалғанына да баса назар аудару керек екендігін ескертті. Қан айналымы жүйесі ауруларына шалдыққандардың 80 пайызын өлімнен арашалау мүмкін болса, бізде алдын алу жұмыстарының енжар жүргізілуі адам өмірін сақтау көрсеткішін төмендетіп отыр. Алдағы уақытта партия мүшелері алдын алу жұмыстарының маңызды бөлігі – ақпараттық-түсіндіруге белсене араласатын болды.

Өңірімізде 2015-2019 жылдарға арналған “Нұрлы жол” бағдарламасы жоспарға сай жүзеге асырылуда. Өткен жылы бөлінген 11 081,2 млн. теңге толық игерілсе, биыл 6 713,8 млн. теңге қаржы қарастырылған. Ал Тайынша мен Шал ақын аудандарында партияның “Кедергісіз келешек” жобасы сөз жүзінде ғана жүзеге асырылуда. Қос ауданның әкімі есептерінде әлеуметтік нысандардың жартысы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді дегенімен, аталған санаттағы жандар әкімдікке де кіре алмайды екен. Ендігі жылы аяқталуы тиіс жобаны орындай алмаған аудан басшыларына партиялық жүйе бойынша сөгіс жариялау туралы ұсыныс айтылды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp