Демократиялық жаңа қоғам қалыптастыру үшін 25 жыл аз уақыт екендігі сөзсіз. Десек те, осы ширек ғасырдың ауыз толтырып айтарлық жетістіктері мен жеңістері бұл кезеңді ғасырға бергісіз сипатпен бағалатады. Бұл – бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара білген халықтың ерен еңбегі. Елімізде Тәуелсіздіктің таңы атқан кезде халық күнделікті күйбің тіршіліктің жетегіне ере отырып, қиындықтарға мойымай, жігер мен шыдамдылықтың арқасында қазақ даласы үшін ғасырлар бойы арман болған белестерді бағындырып, бүгінде шаңырағы шаттықпен шалқыған жаңа мемлекетті әлемге танытты.
Қазақстан атты үлкен көшті кішкентай елді мекендер құрайды. Солардың қатарында мақтанышпен бой көрсете алатын Уәлиханов ауданындағы Көктерек ауылдық округі бар дер едім. Қазақ елінің осы бір кішкентай ғана бөлшегінің мемлекеттің даму үдерісіне қосар үлесі, тарихта ойып алар орны бар екендігі даусыз.
Көктерек ауылдық округі Мортық, Көктерек және Қарамырза аталатын үш елді мекеннен құралады. Ауылдықтар кеңестік тоқырау заманынан кейін, егеменді ел болып қалыптасудың алғашқы жылдарындағы экономикалық-әлеуметтік қиындықтарды атан нардай көтере білді. Бұл ауылдық округ 789 адамның тіршілік мекені. Тәуелсіздік алғаннан бері мұнда 482 бала дүниеге келген. Соның ішінде Мортықта – 478, Көктеректе – 304, Қарамырза ауылында 7 адам тұрады. Қоғамдағы өзгерістер тереңдеген сайын географиялық орналасуы жайсыз ауылдардың көбі маңындағы елді мекендерге көшкендігі белгілі. Қазақ – туған елге, кіндік қаны тамған жерге деген ерекше сүйіспеншілігімен ерекшеленетін ұлт. Осындай қасиетті қарамырзалық Ерлан Қанапияновтан көріп, оның қылығын ерлікке пара-пар теңейміз. Жеті адамнан тұратын отбасы туған мекенінде түтінін түзу ұшырып отыр. Малмен күндерін көріп, табыстарын тауып отырғандардың жағдайы жаман емес. Үш баласы – студент. Бұл үш елді мекеннің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуын қадағалап отырған Көктерек ауылдық округі әкімдігі өз қызметін үйлесімді атқаруға тырысады. Көш жүре түзеледі деген рас. Қаншама қиындықты еңсерген округіміз жылдан-жылға жанданып келеді. Ел жаңарып, жаңаша қалыптасуда.
Талай жыл қиындық көріп келген көктеректіктерге таза ауызсу 2008 жылы жеткізілді. Одан кейін 2014 жылы Мортық ауылына Молодая Гвардия елді мекенінен бері қарай су құбыры тартылып, ауыл көшелеріне 20 колонка орнатылды. Қазіргі таңда 80 отбасы су құбырын орамына енгізіп, үйлеріне су жылытатын құрылғы мен жылы дәретхана орнатып алған.
Елімізде ұрпақтың жақсы білім, өнегелі тәрбие алуы үшін кешенді бағдарламалар жасалып, түйіткілді мәселелер шешімін тауып жатқан кезде округіміздегі Мортық және Елтай орта мектептерінің жанынан 2009 жылы 50 бүлдіршінге арналған шағын орталықтар ашылды. Әрине, өскелең ұрпаққа жасалған қамқорлық тұрғындардың болашаққа деген сенімін ұлғайтып, еңсесін көтере түседі. Жастарға арналып бір стадион мен екі хоккей қорапшасы салынды. Бүгінде округ спортшылары аудандық, облыстық спорт сайыстарына белсенді қатысып жүр.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасын нығайтудың қуатты күші – орта және шағын кәсіпкерлік екенін атап көрсеткен болатын. Үкімет осы бағытты дамыту үшін кешенді жоспар бекітіп, түрлі бағдарламаларды іске қосты. Солардың ішінде ауыл тұрғындары үшін тиімді болып отырған мемлекеттік бағдарламалардың бірі – “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” дер едім. Осы мемлекеттің қолдау тетігінің несібесін көріп отырған кәсіпкер Қайша Кәпкенованы ерекше атап өткім келеді. Ол несие алып, наубайхана ашқан болатын. Аталмыш бағдарлама бойынша 2014-2016 жылдары Мортық және Көктерек ауылдарында балаларға ойын алаңдары, көшелерге жарық орнатылды, жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2012 жылы тұрғындарды қуантқан тағы бір жаңалық Мортық ауылында жаңа мешіттің ашылу салтанаты болды. Ол кәсібі өрге домалап, жерлестерінің тілегіне көңілі ауған кәсіпкер Жәнібек Ахметбековтың демеушілігімен салынды.
Округ аумағында бір клуб, екі мектеп және бір ауыл кітапханасы жұмыс істейді. 2013 жылы ауылдық клубтың ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық бас қосатын шаңырақ бой көтерді. Жаңарып қалған мәдениет ошағында бүгінде мерекелік концерттер, түрлі жиындар мен жастарға арналған шаралар ұйымдастырылады. Ауыл тұрғындары жастардың білімді, өнегелі болып қалыптасуына үлкен мән береді. Олардың бойындағы қанмен берілген қазақи тәлім-тәрбие жоғалмаса екен дейді. Үлкенге – ізет, кішіге қамқор болатын ұрпақ өсіруді көздейді. Ел болып, үлгі көрсеткен ауыл тұрғындары қаржылай қолдау жасап, 2015 жылы мектеп алаңына Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жаңа ескерткіш орнатты.
Ауылдық округіміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға аграрлық саланың қосар үлесі мол. Округ 269506 гектар жер иеленсе, оның 42500 гектарына агроқұрылымдар егін егеді. Жайылымға бөлінген жер – 107639 гектар. Округ аумағында ауыл шаруашылығы бағытында өз табысын тауып, жерлестерін жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген кәсіпкерлер де аз емес. Мұнда “Агрофирма Қызылту-НАН” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің “Мортық” өндірістік учаскесі, “Қайыңды” және “Unite Инвест” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, 11 фермерлік қожалық жұмыс істейді. Сондағы төрт фермерлік шаруашылық соңғы үш жылда ашылған. Әлі де мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен өз ісін қолға алғысы келетіндер бар.
Ауыл тұрғындары қосалқы үй шаруашылығында мал басын көбейтіп, өздерінің тұрмыстық жағдайын жақсартуға дағдылануда. Ауылда өзін-өзі жұмыспен қамтып, отбасын асырап отырғандар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Олар мал басын көбейтумен қатар, төлдердің тұқымдарын асылдандыруды көздейді. Жаз бойы жем-шөптерін жинап, қыс ұзаққа мал қорадан шықпайтын ауылдықтардың еңбегі оңай емес. Маңдай термен отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етіп, артылғанынан пұл алып жүрген отағасылар көп. Бүгінде округтегі қосалқы шаруашылықтарда 2086 – ірі қара, 1535 – жылқы, 4450 – қой мен ешкі және 6975 құс өсіріледі. Аумағымызда малды қолдан ұрықтандыру нысаны жұмыс істейді.
Қазақстан халқының материалдық ахуалы жылдан-жылға түзеліп келе жатқандығын біздің округтен-ақ байқауға болады. Бүгінде біз “не ішемін, не киемін?” деп қапаланбайтын қоғамда өмір сүреміз. Аянбай еңбек еткен адамның көштен кем қалмайтынын баршамыз білеміз. Бұрындары көлігі бар ауылдықтар саусақпен санарлық болса, бүгінде екінің бірі темір тұлпар тізгіндеген. Осының өзі егемендіктің жеткізген дәулеті емес пе?! Бүгінде дамуға, жетілуге бет алғандарды тоқтату мүмкін емес. Олар мемлекеттің қолдауымен, өз талпынысымен талай асуларды бағындыруға дайын. Міне, біздің халқымыз осындай!
Асыл ҚАБДЫЛУАХИТОВ,
Көктерек ауылдық
округінің әкімі.
Уәлиханов ауданы.