Бүгінгі күні қоғамда балаларға екпе қою мәселесі қызу талқылануда. “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодекске балаларды вакцинациялауды міндеттеу бойынша өзгерістер енгізу ұсынылған. Екпе егуді заңмен міндеттеу дұрыс па? Көпшіліктің пікірін сұрап білген едік.
Гүлімжан ЕСКЕНДІРОВА,
ата-ана:
– Менің екі ұлым бар. Бірі – оқушы, екіншісі балабақшаға барады. Жас ерекшеліктеріне орай екеуі де түрлі ауруларға қарсы екпе алды. Баланың қорғаныш қабілетін арттыру үшін екпе қойдырудан бас тартпаймын. Бірақ ата-ананың рұқсатынсыз вакцинациялауға қарсымын. Ертең баланың денсаулығына зиян келсе, оған кім жауап береді? Жалпы, қауіпті ауру түрлеріне орай кейбір екпе міндетті түрде қойылуы керек деп ойлаймын. Бұл баланың өмірі үшін маңызды. Бірақ екпе егуді заңмен міндеттеу дұрыс емес. Мұны әркім өзі шешу керек.
Динара АХМЕТЖАНОВА,
дәрігер:
– Облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген нәрестенің денсаулығы жақсы болса, гепатитке және туберкулезге қарсы екпе қойылады. Бұл вакциналар адам өмірі үшін маңызды. Ата-ана ретінде мен де балаларымның денсаулығына алаңдаймын. Екпе қойылмаса, балалар түрлі қауіпті ауруларды жұқтырып алуы мүмкін. Жалпы, кез келген екпеге адам ағзасында реакция болады. Вакцинадан кейін баланың ыстығы көтеріліп, өзін әлсіз сезінуі мүмкін. Бұл қалыпты жағдай, өйткені, ағзаның қорғаныш қабілеті қалыптасады. Екпе салмас бұрын әр баланың денсаулығы жіті тексеріледі. Сәби өзін жайсыз сезінсе, иммундау шарасы кейінге қалдырылады. Сондықтан ата-аналар бұл мәселеге түсіністікпен қарауы тиіс.
Айнұр ЫСҚАҚОВА,
ата-ана:
– Мен балаға екпе қойдыруға мүлде қарсымын. Өйткені, екпенің пайдасынан гөрі зияны басым деп ойлаймын. Тіпті, вакцинадан кейін кейбір балалар мүгедек болып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайлар аз кездесіп жатқан жоқ. Менің үш перзентім бар. Алайда, балаларым дүниеге келгеннен кейін перзентханада оларға құрт ауруына қарсы екпе қойылды. Кейін иммундау шарасынан бас тарттым. Жақында елімізде міндетті вакцинаға қарсы петиция жазылды. Мен балаларымның өміріне қауіп төндіргім келмейді. Шетелден жеткізілетін вакцинаның сапасына күмәнім бар. Құдай бетін аулақ қылсын, вакцинадан кейін асқыну жағдайы болса қайтемін. Менің бұл пікірімді дәрігерлер жоққа шығаруы мүмкін. Бірақ әрбір ата-ана өз баласының өміріне жауапты. Сондықтан екпе егуді заңмен міндеттеуге қарсымын.
Сауалнаманы дайындаған
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.