Петропавлда екі ер адам автомобиль қозғалтқышын жуатын сұйықтықты абайсызда ішіп қойған. Қатты уланған оларды дәрігерлер аман алып қалды.
Петропавл қалалық көпбейінді аурухананың мәліметінше, уланған ер адамның біреуі – 62-де, екіншісі – 33-те. Олар бір-бірімен таныс емес, қаланың екі шағынауданында тұрады. Біріншісі химиялық сұйықтықтан бір жұтым, екіншісі екі жұтым ішкен екен. Осының салдарынан ауруханаға түскенде жағдайлары нашар болған. Химиялық сұйықтық олардың аузын, өңешін, асқазанын күйдірген, салдарынан ісіп, қабыну үдерісі басталды. Екеуіне де ауыр улану, ас қорыту жолдарының химиялық күйігі диагнозы қойылды. Мамандар жүргізген ем-домның арқасында екі сырқат та 4-5 күннен кейін үйлеріне оралды.
– Біз оларды құтқарып үлгердік. Дер кезінде жеткізілмегенде өңеш немесе асқазан тесіліп, өліммен аяқталар еді. Осындай жағдайға душар болмас үшін химияны су тұрған бөтелкеге құймаңыз. Сыртына не сұйықтық екенін жазып қойыңыз. Қауіпті заттарды балалар мен қарттардың қолы жетпейтін жерде ұстаңыз. Ал уланған жағдайда бірден жедел жәрдем шақырыңыз, – дейді дәрігерлер.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».