М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы Ф.Достоевский атындағы мемлекеттік университетінің өкілдері келді. Кездесу барысында жоғары оқу орындарының басшылары екіжақты ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.
Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Алексей Якуб бастап келген делегация құрамында аталмыш оқу орнының қазақ тілі және мәдениеті орталығының директоры Бауыржан Тынысов пен халықаралық жобалар бөлімінің басшысы Алексей Сорокин бар.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Оңдасын Әшімовтің айтуынша, ұзақ-мерзімді екіжақты келісім негізінде білім ошақтары академиялық ұтқырлық аясында студенттермен және оқытушы-профессорлық құраммен алмасуға, бакалавр, магистр, PhD докторларын бірлесіп даярлауға, қосдипломдық бағдарлама жасауға және жүзеге асыруға, ғылыми-зерттеулер ұйымдастырып, жобаларға қатысуға, оқу үдерістері барысында қашықтықтан оқыту технологияларын қолдануға мүмкіндік алады.
Көршілес елдердің университеттерінің арасында байланыс ертеден орнаса да, осы деңгейдегі екіжақты келісім білім ошақтары арасында алғаш рет жасалып отырғанын айтқан Омбы мемлекеттік университетінің ректоры Алексей Якуб бұл қарым-қатынасты бір жүйеге келтіріп, халықаралық кеңістікте жүзеге асыру тараптардың қайсысына болсын тиімді екенін, өз жемісін беретінін тілге тиек етті. Шарт қол қойған күннен бастап күшіне енеді.
Сондай-ақ, бұл шара ғылым қызметкерлері күнімен тұспа-тұс келгендіктен, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде салтанатты шара өтті. Онда білім ошағының ректоры Оңдасын Әшімовтің бұйрығымен ғылым саласында қол жеткізген жетістіктері үшін бірқатар қызметкерлер марапатталды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.