«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Екіжүзділік пен жемқорлық – қоғам дерті

…Елімізде әлі де тұтас, жүйелі азаматтық қоғам қалыптаса алмай отыр. «Жігітте де жігіт бар, азамат жөні бір бөлек» дегендей, азамат дегеніміз ер­кін таңдау, еркін шешім қабылдауға мүмкіндігі бар тәуелсіз, қолында жұмысы, басында үйі бар, ертеңіне, еліне сенімді тұлға. Адам билікпен тең пікір алмасып, талап қоя алса ғана азамат. Ал билікке үміт артып, оған жарылқаушы деп қарап қолын жайса, ол азамат емес. Ал билік ондай адамды одан әрі илей береді. Жай адам пара беріп, өз мәселесін шешуге дағдыланса, азамат «мен неге қызмет істегені үшін шенеунікке сый беруім керек? Ол еңбегі үшін менің салығым есебінен мемлекеттен еңбекақы алып отыр, неге мен оған тағы да ақы төлеймін»,- деп жемқорлыққа қарсы тұрады. Өкініштісі, ондай азаматтар аз.

Еліміздегі қаптаған үкіметтік емес ұйымдар да, негізінен, халықтың емес, биліктің макросаясатының адвокатына айналып барады, олардың көбі мемлекеттен грант алып, өз күнкөрісін ойлаумен ғана шектеліп отыр. Жемқорлық жүйеге азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар жүйесі ғана қарсы тұра алады, оларды қолдау қажет.  

Қазақстан үшін мемлекеттік меке­мелерді жаппай аудит, тергеуден өткізіп, ұрлықтарды, мемлекеттік қар­жыны талан-таражға салуды, қыз­метін қара басының пайдасына жұм­сауды әшкерелеу қажеттігі туып отыр. Есеп комитетін Есеп палатасына айналдырып, құзыретін кеңейту қажет.

Бұқара халық екіжүзділікті де, сонымен бірге жемқорлыққа қарсы күресті де көріп отыр. Дегенмен, әлі де сенімнен күдік басым. Биліктегілердің ісі мен сөзінің алшақтығы, шындықты бояулап, кемшілікті жасыруға тырысуы, уәдешілдігі елді ойландырады.   

…Сондықтан, бақыттымыз деп қайталай бергенмен, патриоттық сана тәрбиеленбейтіні белгілі, одан ел білек сыбанып жемқорлықпен күреске шықпайды. Елдің еңсесін көтеретін жаңа саяси шешімдер, таза, әділ сайлаулар, жаңаша ойлайтын кадр­лар қажет. Жиырма жылдан астам тарихымызды терең сараптайтын уақыт туды. Сонда ғана екіжүзділіктен, сонымен бірге, жемқорлықтан да арыла бастаймыз.

Амангелді АЙТАЛЫ,

философия ғылымдарының докторы, профессор.

(«Егемен Қазақстан» газеті, 2015 жылғы 10 шілде.)

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp