«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ БІРІНШІЛІГІ БАСТАЛДЫ

Сейсенбі күні облыс орталығындағы Спорт сарайында шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

“Құлагер” хоккей клубы өз алаңында павлодарлық “Ертіс” командасын қабылдады. Алғашқы ойынды тамашалауға келген өңір басшысы Ерік Сұлтанов хоккейден ел біріншілігінің маңыздылығына тоқталып, өскелең ұрпақты спортпен шұғылдануға шақырды.

– Облыс тұрғындары жерлес команданың жетістіктерін мақтан тұтады. Олардың көрсеткіштері жасөспірімдерге үлгі болып, өңірдегі хоккей спортының дамуына септігін тигізері сөзсіз. Көрермендерге қызықты ойын мен қатысушы командаларға сәттілік тілеймін, – деді Ерік Хамзаұлы.

Өңір басшысына “Құлагер” командасының капитаны Ильгиз Нуриев тамыз айында шайбалы хоккейден жеңіп алған Қазақстан Республикасының кубогын табыс етті.

Осыдан кейін облыс әкімі мұз айдынына шығып, шайбаны алаңның ортасына тастағаннан кейін кездесу басталды.

Айдын иелері алғашқы минуттардан қарсылас қақпаға лап қойды. Өңірлік команданы қолдауға келгендердің қарасы да қалың болып, “Құлагерлеген” жанкүйерлердің дауысы екпінді естілді. Ойынның бірінші бөлігінде “Ертістің” қақпашысы Вадим Желобнюк жергілікті команданың шабуылына қаншалықты тойтарыс берсе де, “Құлагердің” капитаны Ильгиз Нуриев айласын асырып, есеп ашты. Алайда, павлодарлықтар келесі таймдарда белсенділік танытып, қақпамызға үш рет шайба салды. Сондай-ақ, қақпашымыз Андрей Янков бірнеше қауіпті соққылардың бетін қайтарды. Біздің жігіттер ойын тізгінін қолдарына алуға тырысқанымен, Ладислав Лубинаның шәкірттерінен айлаларын асыра алмады. Сөйтіп, “Құлагер” клубы шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатының алғашқы кездесуінде “Ертіске” 1:3 есебімен есе жіберді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp