Бүгінде Қазақстан жер-жаһанға танылды. Елде тыныштық пен тұрақтылық, экономикалық даму, ұлтаралық татулық орнаған. Осының барлығы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі. Ол Қазақстанды Мәңгілік Ел етуді айқын мақсат етіп қойып отыр. Бұл жайында Мемлекет басшысы “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауында да айтты. Онда Елбасы жаһандық экономикалық дағдарысты ескере отырып, қазақстандықтарды заман талабына сай жаңаша өмір сүруге шақырды. Еліміз осыған дейінгі дағдарыстар кезінде еңсесін түсірмей өткендігін еске салған Президент бүгінгі қиындықтарды жеңіп, елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту үшін не істеу қажеттігін, қиындықтардың индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы, ұлттық валютаның бүгінгі қолданысы, Бес институттық реформа, экономиканың әр саласына инвесторлар тарту, бизнесті бәсекелестіктің жаңаша талабына сай дамыту сияқты бағыттарды жүзеге асыру арқылы еңсерілетіндігін айтты.
Жолдауда қойылған мақсаттар біздің ауданымызда да жүзеге асуда. Таза ауызсу мәселесі жылдан-жылға жақсаруда, жолдар жөнделуде, кәсіпкерлік саласында жұмыс істеймін деген азаматтарға несиелер беріліп, жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауыл шаруашылығы саласы дамып, мал саны артуда. Осылайша ауыл тұрғындарының әл-ауқаты өсіп келеді. Жас мамандар жұмысқа тартылуда.
Бұл жұмыстардың іске асуына аудандық мәслихат депутаттарының да қосып отырған үлесі мол. Депутаттар ауылдық жерлерге барып, жергілікті тұрғындарды мазалайтын мәселелерді шешуге тырысады. Биылғы жылдың сәуір айында сол мақсатпен Амангелді және Бидайық ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өтті. Осыдан екі жыл бұрын ауызсу, жолдың сапасы туралы мәселелер өткір болатын болса, бұл жолы ауыл тұрғындары әртүрлі қызмет көрсету сапасының жақсартылуына назарларын аударып отырғандығы байқалды. Соның ішінде ауыл клубының ғимаратын жөндеу, ауыл көшелерін жарықтандыру, интернет байланысын жақсарту және де мүгедектерге жағдай жасау сияқты мәселелер көтерілді. Бұл, әрине, ауылдықтардың жағдайы біртіндеп жақсарып келе жатқандығының белгісі.
Жолдауда көрсетілген мақсаттардың нәтижелі орындалуы – халық пен билікке жүктелген міндет. Еліміз осындай жоспарлы бағытын айқындап алған кезде ғана өзінің көздеген мақсаттарын жүзеге асыра алады. Ендеше, соның бір тетігі – Президент Жолдауының халық үшін маңызы зор.
Бауыржан КӘДІРОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы.
Уәлиханов ауданы.