«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ҚОРҒАНЫ

Петропавлдағы Ұлттық ұлан Әскери институтының ашылғанына 20 жыл толды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов оқу орнының қызметкерлері мен курсанттарына мерейтойлық құттықтауын жолдады.

Әскери институт қабырғасында өткен салтанатты жиында облыс әкімінің құттықтау хатын орынбасары Анархан Дүйсенова оқып берді.

– 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Әскери институт қазіргі таңда офицерлерді даярлау міндетін ойдағыдай атқарып келеді. 20 жыл ішінде елімізде де, институт өмірінде де көп өзгерістер болды. Тек бір нәрсе өзгеріссіз қалды, ол осы жылдар бойы Әскери институтта біліктілігі мен қызметке адалдығын өз ісімен танытқан кәсіби мамандарды, дарынды офицерлерді даярлау, – делінген құттықтау хатта.

Құрылғаннан бері институт он алты рет түлектерін қанат қақтырса, соның төртеуі халықаралық шығарылым болды. Келісімшарт бойынша институтта шетелдік курсанттар да әскери білім алады. Ашылғаннан бері Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері 2900 офицермен толықты. 54 түлек арнайы міндет жүктелген бөлімдерде қызмет етуде, олардың 15-і “– күрең берет” иесі. Екеуі мемлекеттік марапат алса, 37-сіне уақытынан бұрын әскери атақтар берілген.

Облыс әкімі жоғары оқу орнының басшылығы мен ұжымына еліміздің қорғаушыларын даярлау мен тәрбиелеуде алдағы уақытта да табыс тіледі. Үздік қызметкерлерге Құрмет грамотасы және Алғыс хат тапсырылды. Салтанатты жиында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы атынан Әскери институтқа “Daewoo” маркалы автобус тарту етілді.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp