Биылғы 28 қыркүйек пен 2 қазан күндері аралығында облыс аумағында “Заңсыз келуші – 2015” жедел-алдын алу шарасы өтті. Рейдке ішкі істер органдарының 500-ден астам қызметкері қатысып, 59 жедел топ құрылды.
Облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасының ақпаратына сүйенсек, екі күн ішінде елімізге келу ережелерін бұзғаны үшін 270 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 26 адам қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Ел аумағынан 18 адам шығарылып, 147-сінің уақытша келу мерзімі қысқартылды. Әсіресе, Өзбекстан азаматтарының тарапынан заң бұзушылық жиі орын алады. Бұл жолы да осы елдің 1975 жылы туған азаматы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ол Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының елден шығару жөніндегі шешімін уақтылы орындамаған. Тағы бір Өзбекстан азаматы вокзал маңында қайыршылықпен айналысқан. Сот шешімімен қоғамдық орындарда көпшіліктің мазасын алғаны үшін бір тәулікке әкімшілік қамауға алынып, ел аумағынан шығарылады.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы.