«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІКТІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ

Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң мемлекет пен қоғамда жүзеге асырылған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына жол ашып, дамудың қайнар бастауына айналды.

Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған негізгі заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын. 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. Арада екі жыл өткенде 1995 жылы тарихи құжат толықтырылып, негізгі Конституциямыз қабылданды. Осылайша тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін айқындаған Ата Заң екі қайтара түледі. Өйткені, 90-шы жылдардың басында Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайы мүлдем басқаша болатын.

Жаңа Конституция жобасын талқылауға 7 миллионнан астам қазақстандық қатысып, 32 мыңнан астамы өз ұсыныстарын айтты. Оның нәтижесінде жобаның 98-бабының 55-іне 1000-нан астам өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Конституцияның идеялары, қағидаттары, ережелері мен нормалары әр қазақстандықтың жүрегімен және жанымен қабылданды.

Қазақстан халқының тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – негізгі заңды қабылдаған күн Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін, билік пен қоғамның құрылымының демократиялық қағидаттарын ғана бекітіп қоймай, елдің әрі қарай дамуының бағытын анықтап, әлеуметтік-экономикалық қалыптасуына бағыт-бағдар берді.

Қолданыстағы Конституцияны қабылдаған уақыттан бастап оған үш рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 1998 жылы Негізгі Заңның 19-бабы өзгертілді. Олар негізінен Президент, Сенат және Мәжіліс депутаттарының мерзімдері мен өкілеттіктеріне қатысты болды, мемлекеттік қызметшілер үшін бұрын көрсетілген жас шегі алынып тасталды. Бұдан басқа 10 депутаттың тең өкілдік жүйесі және біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдер негізінде сайланатыны көрсетілді.

Елеулі өзгерістер 2007 жылы қабылданды. Пропорционалдық сайлау жүйесіне көшу, парламенттік көпшілікпен Премьер-Министрді бекіту туралы нормаларды және Үкімет басшысын тағайындау кезінде Президенттің кеңес рәсімдерін енгізу есебінен Парламент мәртебесін нығайту мәселесі тарқатыла көрсетіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді. Сонымен қатар, олардың өкілдері белгіленген квотаға сәйкес Парламент Мәжілісі мен Сенатына сайлану құқығын алды.

2011 жылғы ақпанда Конституцияға ел Президентін тағайындау және кезектен тыс сайлауын өткізудің конституциялық негіздерін белгілеуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Онда сайлау процесінің айқындығы мен тиімділігі көрсетілді.

Конституцияда баянды етіл­ген іргелі құндылықтарды жү­зеге асыру жолында елімізде қыруар жұмыс тындырылды. Қызметі адамның және аза­маттың құқықтары мен бостан­дықтарының басымдығы, заң­ды­лық, турашылдық пен ашық­тық қағидаттарына негіз­делген конституциялық бақылау институтын, тиімді сот жүйесін, құқық қорғау органдарын құру, адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындау арқылы адам құқықтарын қорғаудың мемлекеттік тетіктері жасалды. Адам өмірінің құнды­лығын, әркімнің өмір сүру құқығы абсолютті екенін және одан ешкім айыра алмайтынын тани отырып, өлім жазасын қолдану аясына конституциялық шектеу қойылып және оған мораторий енгізіліп, бұл құқықтан ешкім айыра алмайтыны және адам өмірін қасақана қиюға жол берілмейтіні бекітілді.

Тәуелсіздік жылдарында Ата Заң өзінің тиімділігін, демократияшылдығын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағыттылығын бірнеше рет дәлелдеді. Конституциялық нормалардың зор әлеуеті біздің қоғамымыздың бүгінгі жетістіктерінің негізін қалады. Конституцияның негізгі ережелеріне сүйене отырып, ел үшін өмірлік маңызы бар өзгерістерді басымыздан өткердік: нарықтық экономиканы құрып, демократиялық қоғамның негізін қаладық. Қазақстанның халықаралық аренада танымалдылығы артып, әлемдік экономикалық жүйелер арасында беделді орынға ие болды. Әрине, осының барлығы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының және Қазақстан халқының татулығы мен бірлігінің арқасында мүмкін болғаны сөзсіз. Қазақстан дамуының әр кезеңінде Президент жаңа тапсырмаларды белгілеп, еліміздің даму стратегиясының тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ете отырып, біздің алдымызда жаңа мүмкіндіктерді ашып қана қоймай, оларды жүзеге асырудың нақты жолдары мен тетіктерін де көрсетіп отырды.

Еліміздің ұлт­тық саяси-құқықтық жүйесінің мәйегі, мемлекеттілігі мен еге­мен­дігінің заңдық негізі саналатын Конституция алдағы уақытта да елімізді жаңа жетістіктерге жетелей отырып, Елбасы көрсетіп берген өршіл мақ­сат – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолында одан әрі үдемелі дамуының іргетасы болып қала бермек.

Екатерина ЖУЛЬДИКОВА,

облыстық әділет

департаментінің

бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp