Келер жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында елордамыз – Астанада “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді. Еліміз әлемдік қоғамдастыққа “Болашақ энергиясы” тақырыбын ұсынғаны белгілі. Бұл шараға әлемнің түкпір-түкпірінен екі миллионнан астам адам келіп, арнайы орталықта өз жетістіктерін паш етпек.
Осы жұмысқа жауапты “Астана ЭКСПО – 2017” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы және “Alef prime group” компаниясы еліміздің әр аймағынан ат арытып келген 60-қа жуық журналистерге баспасөз турын ұйымдастырды.
Меймандар 174 гектар аумақты алып жатқан көрме кешенінің макетімен танысты. Көрмеде әрбір павильонды, “ЭКСПО” қалашығын, конгресс-орталығын, тұрғын үй кешендерін, ойын-сауық және сауда нысандарының қандай болатынын, көз қызықтырған ғимараттардың қалай бой көтеретіндерін өз көзімізбен көріп қайттық. Сонымен қатар, зәулім де сәулетті, сәні келіскен ғимараттардың айналасы абаттандырылып, безендіріледі. Көрсетілім кезінде көпшіліктің назарына алдымен шар тәріздес ғимарат – Қазақстан павильоны ілікті. “ЭКСПО” көрмесінің тақырыбын аша түсетін де осы ғимарат болмақ.
– Жалпы аумағы 41800 шаршы метрді құрайтын шар тәріздес ғимарат сегіз қабаттан тұрады. Бірінші қабаты еліміздің ұлттық павильоны болмақ. Аты айтып тұрғандай, мұнда қазақтың ұлттық жәдігерлері, қазақтың болмысын айшықтайтын дүниелер қойылмақ. Бірінші қабаттағы ұлттық павильоннан көрме қонақтары қазақ елінің салт-дәстүрінен, мәдениетінен, өнерінен сыр шертетін жәдігерлерді тамашалай алады. Мұның әр қабатында балама қуат көздері бола алатын әр ел жобаларының көрмесі орналаспақ, – деді “ЭКСПО – 2017” құрылыс дирекциясы филиалы бас директорының бірінші орынбасары Қадіржан Төребаев.
Осы уақытқа дейін 106 мемлекет пен 16 халықаралық ұйым көрмеге қатысатындығын растады. Ал олар үшін “ЭКСПО” қалашығында жаңа үйлер бой көтерген.
Еліміздің мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтатын көрмеге дайындық жұмыстарымен танысу барысында тұрғын үй кешенінде де болдық. Қалам иелеріне бұл жаңа үйлерді таныстырып, аралатқан “Сервистік қамтамасыз ету” департаментінің директоры Диас Әзбергенов көрмеге қатысушыларға арналған баспаналардың 85 пайыздайы дайын екендігін тілге тиек етті. Жаңа баспананы көрсетіп жүріп мәлімет берген мамандар мемлекеттен 40 млрд. теңге қаржы бөлінгендігін айтты. Көрме аяқталған соң бұл үйлер толықтай сатуға шығарылып, қалашықты салуға жұмсалған қаржы мемлекетке қайтарылатын болады.
“ЭКСПО” аумағындағы ең маңызды нысанның бірі – конгресс орталығы. Әлемдік деңгейдегі көрменің ашылуы мен жабылуы, үш мыңға тарта форум, конференция, жиын осы ғимаратта өтеді. Алдағы уақытта елорда төрінде орналасқан бұл көпфункционалды орталықтың аумағы – 45 мың шаршы метр. Сонымен бірге, 2 мың адамға шақталған жалпы зал және әрқайсысы 700 орынға лайықталған 4 зал бар, – деді “Астана “ЭКСПО – 2017” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының контент және іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаров.
Баспасөз турының екінші күні “Астана ЭКСПО – 2017” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының жетекшілері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің баспасөз мәслихаты өтті. Көрмеге дайындық жұмыстары айтылып, журналистер қауымы көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап алды.
Жанаргүл МЕЙРАМ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавл – Астана – Петропавл.