«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛЖАНДЫ ҚАРИЯ

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары балалық дәуреннің қызығын көре алмаған ұрпақтың буыны ерте бекіді. Батыста қан майдан жүріп жатқан кезде елдегі жағдай да өте қиын болды. Бас көтерер азаматтар соғысқа аттанса, ауылдағы кәрі-құртаң, әйелдер, бала-шаға тас-түйін болып, атпал жігіттердің орнын басты. Оңы мен солын танып үлгермеген балалардың өздері мұның бәрінің әсерін сезінетіндей халде еді. Бұл жылдары әке мейіріміне шөліркеп өскен балғындар қаншама еді.

Бүгінгі біздің әңгімеміздің кейіпкері Жасұлан Құдабаев та – алапат соғыс жылдары ерте есейген ұрпақтың өкілі. Ол Преснов (қазіргі Жамбыл) ауданының Орталық ауылында туған. Батыстан жау тұтқиылдан шабуыл бастаған кезде алаңсыз мектепте оқып жүрген ол өзі сияқты қарасирақ балалармен бірге қан майданға аттанған ерлердің орнына еңбекке араласты.

– Сырқат әкем ауылда күзетші болып істейтін, анамнан ерте айрылған едім. Өзім құралыптас балалар ауылда қал-қадерімізше жұмыс істедік. Бригадада екі өгіз, алты сиырды жұптап соқаға жегетін. Соның біреуі маған бұйырды. Көктемде жыртылған алқапқа бидай себіледі. Одан кейін ауылдағы еңбекке жарамдылар шөп шабуға шығады, күзде астық жиналады, – деп бастады әңгімесін Жасұлан ақсақал.

Соғыс уақытының жазылмаған заңына сәйкес “Бәрі де Майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!” деген ұран тылдағы ауылды бір мақсатқа жұмылдырған. Ауылдағы еңіреген баладан еңкейген қартқа дейін жылдың төрт мезгілінде бір тыным болмаған. Сондықтан болар, ол кездің балалары ерте ержетіп, қара жұмыстан мінездері болаттай шыңдалып, бұғаналары жастайынан бекіген.

Соғыс жеңіспен аяқталып, елде бейбіт күндер орнады. Кеудесін оққа төсеп, от кешкен майдангерлер елге орала бастады. Өзінің болашағын ойлаған Жәкең білім алуға бекем бел буады. Ұжымшар басқарушысына агроном мамандығын таңдағанын айтып, елге қайтып оралуға серт беріп, Петропавл қаласына жол тартады.

– Сол кездері Петропавлдағы ауыл шаруашылығы техникумы қазіргі облыстық аурухананың бес қабатты ғимаратының орнында болатын. Ауылда өскен қазақ баласына орыс тілінде оқу қайдан оңай болсын, әбден қиналдым. Бірақ техникум басшылығы да, ұстаздар да менің білім алуыма жағдай жасап, қол ұшын берді. Олардың алдында мәңгілік қарыздармын, – дейді ақсақал.

Орта білімді агроном еңбек жолын Преснов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бастаған. Жас маман ауылдарды атпен аралап жүріп, өзі де үйренді, өзгені де үйретті. Өндірістен қол үзбестен Омбы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша тамамдап шығады. Жас та болса өзін білікті маман ретінде көрсете білген Жәкең екі мүшелден асқанда Преснов машина-трактор станциясына бас агроном болып тағайындалады. Бұл тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталған кез болатын.

1956 жылы Қазақстан алғаш рет Отан қоймасына бір миллиард пұт астық құйды. Диқандардың маңдай терімен өсірілген осыншама мол ырысқа “Прибой” (кейіннен И.Шухов атындағы) кеңшар да сүбелі үлес қосты. Агроқұрылымның бас агрономы Жасұлан Құдабаевтың еңбегі ескеріліп, ол “Құрмет белгісі” орденімен марапатталды. “Киров” ұжымшарында еңбек етіп жүргенде ол екінші мәрте “Құрмет белгісі” орденін кеудесіне тақты.

Мамандығының қыр-сырын жетік меңгеруге ұмтылған Жәкең егіншілік мәдениетін көтеруге, астықтың шығымдылығын арттыруға баса назар аударған. Сол жылдары әйгілі агроном, жаңашыл егінші Терентий Мальцев көрші Қорған облысында жұмыс істейтін. Жәкең жыл сайын даңғайыр диқанға барып немесе оны өзінің шаруашылығына шақырып, бар тәжірибесін үйренуге тырысты. Осылай ол өзі еңбек еткен шаруашылықтарда Терентий Мальцевтің озық әдістерін енгізу арқылы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.

– Тың игеру жылдары Ресейдің Краснодар өлкесінен бізге егін жинауға мамандар келді. Олардың айтуларынша, құрғақшылық жылдарының өзінде әр гектардан кем дегенде 10 центнерден өнім алады екен. Бұл сол уақытта жақсы көрсеткіш саналатын. Біз гектар берекелігін 100 пұтқа жеткізуді мақсат етіп қойдық. Еңбегіміздің жемісін 1976 жылы көрдік. Сол жылы егін өте бітік шығып, ел диқандары бір миллиард пұт астық жинады. Мен ол кезде Мәскеу (қазіргі Есіл) аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы едім. Аудан бойынша гектар берекелігі 25,4 центнерге жетті. Ал кейбір шаруашылықтар 30 центнердің үстінде өнім алды, – дейді Жасұлан Құдабаев. – Ортақ іске қосқан үлесім үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталдым.

Жамбыл ауданындағы “Қайранкөл” кеңшары облысымыздағы ең шалғай әрі тасы өрге домаламай тұрған шаруашылықтардың санатында болатын. Басшылар Жәкеңнің мол тәжірибесін ескере отырып, оны директор етіп тағайындайды. Ол басқарған он бір жыл ішінде кеңшар егіншілік мәдениеті жоғары шаруашылыққа айналды. Сол жылдары мәдени-тұрмыстық нысандар, тұрғын үйлер көп салынып, кеңшарға асфальт жол тартылды.

Жәкеңнің ерен еңбегінің белгісі ретінде оның костюмінің қос өңірінде үш орден мен он бес медаль жарқырайды. Ол – облысымызда “Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген агрономы” құрметті атағын алған санаулы азаматтардың бірі. Кеңес Одағы кезінде Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне бес рет қатысып, оның үш медалін алған. Одан басқа да марапаттары бір төбе.

1979 жылы Петропавл қаласына қоныс аударып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном, жеміс-көкөніс базасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарып, жастарға тәжірибесін үйреткен соң зейнеткерлікке шығады. Бірақ қаршадайынан еңбекпен ысылып өскен қарт үйінде қол қусырып отыра алмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қысқа жіп күрмеуге келмей, экономикалық қиындықтар аяқтан шалғанда қайтадан атқа қонады. Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып үш рет сайланады. Хикіметі көп бұл қоғамдық жұмысты ол абыроймен он бір жыл атқарады.

– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары кім үшін де оңай болған жоқ қой. Берекесі кеткен кәсіпорындардағы, ұжымдардағы қарттармен жұмыс істеу, олардың мұң-мұқтаждарына көмектесу жолында аз тер төгілген жоқ. Әсіресе, ауылдан үдере көшкен қарттарды есепке, қамқорлыққа алу ісін жолға қойдық. Бұл жұмыстарға жасыңды сатпай, білек сыбана кірісуге тура келді, – дейді ақсақал.

Жасұлан Құдабаев жасы сексеннің ортасынан ауса да қаламызда өтетін әртүрлі мәдени-бұқаралық шараларға белсене қатысады. Екі тілге бірдей жүйрік ақылман қарттың жиналған қауымға айтар ғақлия сөздері аз емес. Ол облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерінің жұмысынан шет қалмайды. Бүгіндері өз кіндігінен тараған бес баласы мен немерелерінің ортасында бақуатты ғұмыр кешіп жатқан ақсақал жүріп өткен өмір жолына риза екендігін әсте есінен шығармайды.

– Тәуелсіздік жылдары еліміз ғасырға пара-пар өсіп-өркендеу жолынан өтті ғой. Елбасымыздың сындарлы саясатының нәтижесінде Қазақстан әлем таныған елге айналды. Бұл тұрғыда Алла тағалаға шүкіршілік етуіміз керек. Еліміздің болашағы жарқын болатынына кәміл сенемін, – дейді Жасұлан ақсақал.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp