“… Бәрін оқып отырып, өмірдің әлі біз қанықпаған сырлары мен қырларының көп екендігіне көзің жете түседі. Соларды көре білген, сезе білген, түйсіне білген ғазиз жандарға үнсіз сүйсінесің. Әттең, олар көп болса ғой, барлары мынау жалпақ жердің бетінде, бізбен бірге күліп-ойнап, ұзағырақ жүре тұрса ғой деп армандайсың. Солардың бірі, бірі болғанда да бірегейі, шіркін, Ербол Шаймерденов еді-ау деп ойлайсың. Бәрімізге де бас салғысы келіп, қапияда торып тұрған қаскөй қомағайлықтың қолына тым ерте түсті-ау, алды-артымен қоштаса алмай, тым асығыс аттанды-ау деп қиналасың.
Жаныңдағы жақсы адамдар келмес сапарға аттанған сайын дүниенің аса ұлан-ғайыр, тіршіліктің тым келте екенін ұғынғанның үстіне ұғына түсесің”.
Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың осынау жүрекжарды лебізі – ақын Ербол Шаймерденұлының алты томдық шығармаларының беташары. Әбекеңнің мұндай толғанысты екінің біріне арнай бермейтінін, өзі қызметтес болып, рухани дүниесінің кеңдігімен көңілін баураған адамға ғана сүзгіден өткізіп арнайтын шырайлы сөзін иеленуі жерлесіміздің әдебиет әлеміндегі ғана емес, мемлекеттік және қоғамдық істердегі жетістігі десем, артық емес.
Ә. Кекілбаевтың бұл ой-пайымын Ұлттық ғылым академиясының академигі Сейіт Қасқабасов “Рухани ескерткіш” деген мақаласында үстей түседі.
Бұл томға Е. Шаймерденұлының “Қазақ афоризмдері (Ақыл-ой антологиясы: бағзыдан бүгінге дейін)” енгізіліп, біздің заманымыздың бесінші ғасырынан бастап, “Жаңа дәуір – жаңа арна” деп аталатын бүгінгі күнге дейінгі ұлт зиялыларының толғамдары, замана, адамдар әрекеті жайындағы пайымдары ұсынылған.
Екінші томындағы “Жүректегі жазулар” деген тақырыппен топтастырылған өлең-жырлары ақын Ерболдың поэтикалық тұлғасын танытады.
Адамзат ақыл-ойының асылдарының толғамдарын тоғыстырған философиялық афоризмдер мен қанатты ойлар “Ой-қазына” атты тақырыппен кітаптың үшінші томынан орын алған.
Осынау пайымдар “Ақиқат айнасы” атты арнада жалғасып, сонымен бірге көркем очерктер қосыла келіп, төртінші томды түйіндейді.
Е. Шаймерденовтің Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін жасау ісінде арнайы комиссияның сапында үлкен белсенділік танытқаны баршаға аян. Осы мақсатта ол әлемдік геральдика (елтаңбаны зерттеу) және вексиология (ел-туын зерттеу), әнұраны салаларындағы әлемдік қағидалар мен жәдігерлерді қажымай-талмай зерделегенін білеміз. Осынау зор ауқымды жұмысты еңсеріп, рәмізтанудың негізгі ұғымдарын зерттеудегі ыждағаттылығы мен тиянақтылығы қайран қалдырып еді. Бұл үлкен еңбегін оқуға ынта-ықылас қойған адам шығармалар жинағының бесінші томынан қажетті мағлұматты ала алады.
Өзінің журналистік, қаламгерлік қызметін кіндік қаны тамған теріскей өңірдің қазіргі облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінде бастап, бүгінгі республикалық “Жас Алаш”, “Егемен Қазақстан” газеттерінде одан да биік өрлеу жолымен болашағына даңғыл салған Ербол ініміз елімізге танылған мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне жетті. Өмірінің нағыз дер шағында аяқастынан ажал салған құрыққа түсіп, дүниеден озып кетсе де, артында ұрпаққа ұлағат боларлық шығармалары қалды. Ерекеңнің табиғат дарытқан дарыны асқан еңбекқорлығымен дараланып, оны қазақ мәдениетінің, ғылымының қиясына қондырды. Ғаламдық ұлағаттың мәртебесін көтерген ақын әрі ғалым ініміздің мұндай еңбектеріне, Әбіш Кекілбаев жазғандай, сүйсінбеске лажың жоқ. Сондықтан оның атқарған ісі, еңбегі жұртшылық жадынан шықпайтыны кәміл, анық.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.