Туберкулез – жұқпалы ауру. Оған ми, ми қабықшасы, сүйек, буын, лимфа бездері, бүйрек, жыныс, көз, ішек және басқа да ағзалар мен мүшелер шалдығады. Егер ауруды анықтау, емдеу жұмыстары дұрыс ұйымдастырылып, үзбей жүргізілсе, бұл аурудан толық емделуге болады.
Туберкулез таяқшалары ауа арқылы тарап, оны жұқтырып алған адамдардың өкпесінде өсіп жетіліп, көбейеді. Алғашқыда өкпе тіні қабынып, ыдырайды да, орнында қуыстар пайда болады. Сол жерде сақталған миллиондаған таяқшалар ауру адам сөйлегенде, түшкіргенде ортаға тарайды. Туберкулез кез келген адамға жұғуы мүмкін, әсіресе, балалар мен егде жастағылар үшін өкпе сырқатын жұқтыру қаупі жоғары.
Туберкулез – баяу дамитын, созылмалы дерт. Бірақ оның жылдам басталатын жедел түрі де бар. Туберкулезді дер кезінде анықтап, дұрыс емдесе, ауруды бастапқы кезде тоқтатуға, өкпені және басқа ағзаларды қабынудан сақтап қалуға болады.
Туберкулез ауруының белгілері: жөтел, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, кеуде тұстың ауруы, тәбеттің, салмақтың, жұмысқа деген қабілетінің төмендеуі. Асқынудан науқас қан түкіруі мүмкін. Жөтел – туберкулезге тән ең алғашқы белгінің бірі. Егер бір аптадан артық жөтел жазылмаса, міндетті түрде дәрігерге қаралып, тексерілу керек. Сырқатты анықтаудың ең тиімді тәсілдері: қақырықтан туберкулез таяқшасын микроскоп арқылы анықтау, рентген, яғни рентгенография, флюорографиялық әдіс, балалар мен жасөспірімдерге туберкулин сынамасын қою.
Облыс аумағында өткізілген профилактикалық және эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда ауру деңгейі 29,0 пайызға кеміді. Дегенмен, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы да өкпе сырқатымен ауыратындардың қатарын көбейтуде. Құнарлы тағамдармен ауқаттану, тұратын жеріңді таза ұстау, бөлме ішін желдетіп тұру ауру жұқтыру қаупін азайтады.
Туберкулезбен ауырғандарды уақтылы анықтау мақсатында елімізде міндетті медициналық қаралу тегін жүргізіледі. Егер туберкулез уақтылы анықталса, емдеу медицина қызметкерлерінің бақылауымен жүргізіліп, онда науқастың айығып шығу мүмкіндігі артады. Ал егер сырқат емдеу тәртібін бұзып, дәрі-дәрмектерді уақтылы қабылдамаса, әрине, соңы өкінішті аяқталады. Ал ауырмаудың жолы – саламатты өмір салтын ұстану, жаман әдеттерден аулақ болу.
Сергей ПАРАГА,
облыстық туберкулезге қарсы диспансердің аса қауіпті инфекциялар бөлімінің бас маманы.