«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕНЕЛЕР ЕРТЕҢІН ОЙЛАСА…

Бәріміз де баланың бақыты үшін еңбек етіп, өмірдің ыстығы мен суығына төземіз. Бірақ “Балам, балам” деп жүріп, көп жағдайда олардың тәрбие тізгінін қолдан шығарып алғанымызды байқамай қаламыз.

Қазір заман басқаша. Бұрынғы кездерде әр отбасында он-он екі баладан болатын. Құдай көптік етпесін, өзім де тоғыз құрсақ көтерген көпбалалы анамын. Бүгінде ұлды – ұяға, қызды қияға қондырып, немере-жиен сүйіп отырған жайым бар. Өзім қазақтың салт-дәстүрі бойынша кенже бала мен келіннің қолында тұрамын. Біреулер келінмен тұру қиын деп жатады. Бірақ мен ондай оймен келіскім келмейді. Келін де біреудің аялап өсірген қызы. Енелер соны түсінсе, кейін отбасында ешбір оғаш оқиғалар орын алмайды деп ойлаймын.

Мен өзім келінімді қызымдай жақсы көремін. Босағаны аттап кірген күннен бастап, “айналайын” деп аялап, бар білгенімді үйретуден жалықпадым. Білмеген жері болса айтып, жақсысын асырып, жаманын жасыруға тырыстым. Осылайша келінімді өзімше тәрбиелеп алдым. “Сен еш нәрсе білмейсің” деп бетінен алған емеспін. Ұлымның ұнатып алған өмірлік жары болғандықтан, оны өз қызымнан кем көрмедім. Осылайша тату-тәтті бір шаңырақ астында біраз жылдан бері бірге тұрып келеміз.

Кейбір кездерде той-томалақта болғанда өз келіндерін сөз етіп айтып отыратын енелерді түсінбеймін. Көпке топырақ шашқым келмейді, бірақ қазір жас келіндерімен жарысып, бет-аузын, шашын бояп, шалбарланып алатын енелер аз емес. Сондай-ақ, “ішке сиған қызым, сыртқа да сияды” деп, титтей нәрсеге ренжіп келген қызына ақылын айтып, қайта отбасына қосудың орнына, күйеуінен айырып алатындар да кездеседі. Осындай өмірде болып жатқан түрлі оқиғаларды таразылап қарасақ, отбасындағы береке келінге ғана емес, олармен бірге тұратын енеге де қатысты екеніне көз жеткізуге болады.

Ерлі-зайыпты жас болғанда қателік жібермей қоймайды. Осындай кезде оларға тоқтау айтып, ақыл беріп, үйдегі татулықтың тамырын тереңдете түсуде ененің атқаратын рөлі зор. Шыны керек, қазіргі енелер немереге ертегі айтып бергенше, түрлі түрік киноларын көргенді ұнатады. Бұл да ене мен келін арасындағы байланыстың үзілуінің бір көрінісі.

Бәтима МЕРГЕНБАЙ,

көпбалалы ана.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp