«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕР ЕҢБЕКПЕН ӨСЕДІ

Жеке кәсіпкер Жанат Отыншиновтың Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылына Ресейден мемлекеттік “Көші-қон” бағдарламасы бойынша көшіп келгеніне де төрт жылдай болып қалды.

Жаңадан бой түзеген ауылда жаңа пәтерге қол жеткізген Жанат Жолдыбайұлы жұмыс іздеп, сергелдеңге түсе қойған жоқ. Ешкімге тәуелді болмас үшін заман ағымына орай жеке кәсіпкерлікпен түбегейлі айналысуға бел буды. Ең алдымен қыстайтын үйін теріскейдің қытымыр суығына төтеп берерліктей етіп қымтады, қора-қопсы жағын қамдады. Содан кейін ғана өз қолынан келетін іске қарай қам жасай бастады. Ағайын-туғандарымен ақылдасып және ата-бабаларымыз айтқандай, “жеті рет өлшеп, бір рет кесіп”, күннен күнге үй саны көбейіп келе жатқан ауылға азық-түлік тауарлары мен сауда жасайтын дүкеннің қажет екендігін түсінді. Сөйтіп, үйінің жанына қосалқы құрылыс салуға кірісті. Ауылдағы ең алғашқы “Бәйтерек” дүкені осылай дүниеге келді.

Келесі жылы Жанат Жолдыбайұлы үйінің екінші жақ бетіне жапсарлас етіп автомобильдерге техникалық қызмет көрсету станциясын салуды қолға алды. Қабырғалары кірпіштен қаланған имараттың төбесі жабылып, құрал-жабдықтар орнатуға дайын тұрғанына да бір жылға жуық уақыт болып қалыпты. Аталмыш нысанның талапқа сай жабдықталып, жұмыс істей бастауына 360 вольттық электр қуатының әзірше жоқтығы қолбайлау болып тұрған көрінеді.  

– Ауылымызда мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтерген 263 тұрғын үй бар. Олардың саны қоныс аударушылардың өз күшімен салынған баспаналармен толыға түсуде. Елді мекенде екі-үш дүкеннен басқа әлеуметтік нысан деген мүлдем жоқ. Сол олқылықтардың бірінің орнын толтыру үшін өткен жылы қыркүйек айында 20 орындық қоғамдық монша салуға кірістім. Жергілікті әкімдік те бұл ниетімді қолдап, ауылдың ішінен жер телімін берді. Қазір Бекзат, Бегалы деген қолынан іс келетін епсекті жігіттермен осы құрылысты толығымен аяқтап, іске қостық, – дейді жеке кәсіпкер Жанат Отыншинов.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp