Жиырма бірінші ғасырды өркениеттің уақыты, дамыған заман дейміз. Иә, адамзат баласы ақыл-ой ұшқырлығымен техниканың тілін терең меңгеріп, оны қажетіне игеріп, алға озғанымен, адамның адамдығын айғақтап тұратын ар мен ождан, кешірімділік пен кішіпейілділік, обал мен сауап, ізгілік пен ілтипат деген сияқты қазiр әркiмдi-ақ толғандыратын осы тектес толып жатқан мәселелерге келгенде дұрыс жауабын таба алмай, тосылып қалатынымыз рас. Әсіресе, еліміздің болашағы деп сенім артқан жастарымыздың кейбір теріс қылықтары қынжылтады.
Қазiр бірін-бірі жаңа көргендей құшақтасып, сүйіскен жастарды саябақтарда ғана емес, көпшiлiк жүретін көше бойларындағы орындықтарда, тіпті, қоғамдық көліктерде жиі кездестіретін болдық. Олар кiсi келе жатыр деп қымсынбайды да, құшақтарын жазбастан айтуға ауыз бармайтын әрекеттерін жалғастырып отыра береді. Әлгiлердi көрiп, өзің ыңғайсызданасың. Қастарынан көрмегенсiп, тезiрек өтiп кетуге асығасың. Ал олар болса, киноға түскен әртiстердей «өнерiн» жалғастырып, кейде соңыңнан қарқылдай күлген қалпы қалып бара жатады…
Ондайларға «Бұл қылықтарың ұят емес пе?!» деп ескерту жасағандардың кейде сөз естiгенiн естiп, көрiп те жүрген жайымыз бар. «Бiз саған еш кедергi келтiргенiмiз жоқ. Жөнiңмен жүр!» – дейдi жүгенсiз жастың кейбiрi ата-анасындай үлкен кiсiге. Ал не дерсiң мұндай бейбастақтыққа? Солардың көбi қазақ жастары екенiн қайтерсiз? Тiптi, араларында белдерi бесiктен шықпаған мектеп оқушылары да бар.
Алдымен заманды, қоғамды кiнәлайтынымыз бар. Ал сол қоғамды қалыптастыратын адамдар емес пе? Содан соң өмірге алып келген ұл-қызына түзу тәртіп пен тәлім-тәрбие бере алмаған ата-ана да ойлануға тиіс қой.
Манаш Қозыбаевтай дара тұлғаның есімімен аталатын университетiмiз – талай жанды білім нәрімен сусындатқан орда. Қасиетті қара шаңырақ – талай дарынды түлектердiң де алтын ұясы. Мұнда өңіріміздің беткеұстар, зиялы қауым өкілдері дәріс береді. Кейде мұнда да тәрбие жағы ақсап жатыр-ау деген ой келеді маған. Өйткені, осы ғимарат iшiнде де студент-жастардың аузынан небiр былапыт сөздердi естiп жүрміз. Қасында үлкен кiсi, ұстазы тұр ма, қарап жатқан ешкiм жоқ. Мiз бақпайды. Осындай өрескелдікті көзіңмен көрген соң “Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы” деген Жүсіп Баласағұн бабамыздан қалған нақыл еріксіз еске оралады.
Жастарымыз ұлттық құндылықты бойына сіңірген мәдениетті, жігіттеріміз намысты, қыздарымыз инабатты болғанға не жетсін?!
Ерғали ЗИЯБЕК.
Петропавл қаласы.