Еліміз еңселі егемендікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан Қарулы Күштері құрылды. Жыл сайын тепсе темір үзетін мыңдаған бозбала әскерге аттанып, Отан алдындағы міндетін өтейді. Бүгінде әскер қатарына шақыру науқаны басталып, олардың алғашқы легі аттанып та үлгерді. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандары әскер қатарына шақырылушыларды тиісті талаптарға сай, сапалы іріктеу үшін барлық күш-жігерлерін жұмсауда. Осы жөнінде аталмыш департаменттің бастығы, полковник Еркінбек Байболовпен сұхбаттасқан едік.
– Еркінбек Серғалиұлы, жуырда көктемгі әскери шақыру аясында жасөспірімдердің алғашқы легін Отан алдындағы қасиетті парызы – әскери қызметтерін орындауға салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өткенін білеміз. Қанша ер-азамат аттанды?
– Иә. Сауалыңызға төтесінен жауап бермес бұрын еліміздің Қарулы Күштерінің тарихына тоқталғым келеді. Тәуелсіз Қазақстан әскерінің тарихы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы 7 мамырда Қарулы Күштерді құру туралы Жарлығына қол қоюдан бастау алады. Бұл Қазақстан Республикасының әрбір азаматының түсінігінде еліміздің Қарулы Күштерімен, офицер абыройымен және Отанымызды қорғауды мамандығы ретінде таңдаған азаматтарға деген құрметпен байланысты. 1992 жылдан бүгінге дейін Қарулы Күштер, басқа әскерлер мен әскери құрылымдар қатарында 40 мыңнан астам солтүстікқазақстандық әскери қызметін өтеді. Биылғы шақыру науқаны да өте белсенді жүріп жатыр. Бүгінде есепте тұрған 600 адамның 170-тен астамы шақырылды.
Бірінші сәуір мен отызыншы маусым аралығында жалғасатын көктемгі шақыру кезінде облысымыздан барлығы 750-ге жуық азамат төрт бағыт бойынша міндетті әскери қызметтерін атқаруға жіберіледі. Сәуір айында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметіне және Елбасы Жарлығымен Президенттің Күзет қызметі мен республикалық “Ұланның” біріктірілуі нәтижесінде құрылған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Күзет қызметіне барады.
Өткен жылғы күзгі шақыру науқанының қорытындысына келсек, шақырылушылардың 12 пайызы денсаулық жағдайына байланысты кейінге қалдырылды. Он үш пайызынан астамы бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз болып танылды, ал 25 пайызы білім алуына, отбасы жағдайына байланысты және басқа да себептермен кейінге шегерілді.
– Соңғы кездері әскери комиссариатқа шақырту қағазынсыз өз еркімен келіп, “мені әскерге жіберіңіздерші” деп сұранатындар да бар көрінеді…
– Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, мемлекеттік мекемелерге, күш құрылымдары деп аталатын құқық қорғау органдарына әскери борышын өтеген адамдар жұмысқа ешқандай кедергісіз алынады. Сондай-ақ, қазір жастардың арасында отансүйгіштіктің, елжандылықтың артып отырғанын байқауға болады. Жоғарғы Бас қолбасшы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында елімізде жауынгерлік әрекеттерге дайын, ұтқыр, заманауи қару-жарақпен және техникамен қамтамасыз етілген Қарулы Күштер құрылды. Мемлекет басшысының мұндай қамқорлығына адалдықпен жауап беруді және оның Қазақстан Қарулы Күштері алдына қойған тапсырмаларының орындалуын жіті қадағалауды басты мақсатымыз санаймыз. Елдің тыныштығы мен татулығы үшін біздің әрқайсымыз өз тарапымыздан жоғары табандылық және жауынгерлік дайындық деңгейін арттырудағы күресте белсенділік танытуымыз қажет.
Қару-жарақтың, қуатты әскери техниканың заманауи үлгілерімен жабдықталуына қарамастан, біздің әскеріміздің негізгі құрама бөлігі оның жеке құрамы, кәсіби дайындығы және тәртібі болып отыр.
Өңіріміздегі орта білім беретін мекемелерде алғашқы әскери дайындық сабақтарынан өткен бозбалалардың көпшілігі әскер қатарында қызмет етудің беделді және құрметті екендігін, сонымен қатар қосымша мамандықты игеретіндігін жақсы біледі.
Өз еркімен келіп, мерзімді әскери қызметке баруды қалаған бозбалалардың саны бізде жетерлік. Олардың көбі аэромобильді әскерлерде, мемлекеттік күзет қызметінде өз борышын өтеуді қаласа, біразы шекаралық қызметке баруға ықылас танытуда.
– Мерзімді әсери борышын өтеген азаматтардың келісімшартпен қызметтерін жалғастыруына бола ма? Оларға қандай жеңілдіктер қарастырылған?
– Келісімшарт бойынша әскери қызмет – бұл мемлекеттік қызметтің ерекше түрі ғана емес, кәсіби өсудің келешегіне жол салатын, әскери қызметкердің өзінің, оның отбасының әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін абыройлы жұмыс. Заң қабылданған уақыттан бері келісімшарт бойынша әскери қызметке шақырылуға ынталанғандар саны жылдан-жылға өсіп келеді. Мысалы, 2012 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне біз 100-ден астам адамды жіберсек, 2013 жылы келісімшарт бойынша әскери қызметке іріктеу бөлімшелеріне 300-ге жуық адам өтініш білдірді, олардың екі жүзден астамы келісімшарт бойынша қызмет етуді қаласа, 110 адам конкурстық комиссиядан өтіп, келісімшарт жасау үшін әскери бөлімдерге бағытталды. 2014 жылы келісімшарт бойынша әскери қызметті өтеуді қалағандар саны 270 адамнан артық болды, олардың 140-ы келісімшарт жасады.
Бүгінде 94 адам келісімшартпен қызметтерін жалғастыруды қалап отыр, олардың 72-сі іріктелді, әскери қызметке 15 адам шақырылды.
2015 жылға келісімшарт бойынша тапсырмаға сәйкес біздің департаментке келісімшарт бойынша 110 адам келеді деп күтілуде. Келісімшартпен әскери қызметке орналасқандар атағына, лауазымына, санатына байланысты жалақыға ие болады. Оған қоса, жыл сайын сауықтыру жәрдемақысы беріледі, баспанамен қамтамасыз етіледі.
– Бүгінгі сарбаздарды іріктеуде олардың білімді әрі денсаулығы мықты, барлық талапқа сай болғанына баса мән беріледі. Бұл үрдістер сақталып отыр ма?
– Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа әскерлері мен әскери құрылымдар қатарында қызмет өтеу үшін шақырылушыларды сапалы іріктеу мақсатында жергілікті әскери басқару органдары, әскери бөлімдер өкілдері қорғаныс істері жөніндегі басқарма мен бөлімдердің мамандары шақырылушылардың жеке істерін зерделейді, әскерге шақырылушылармен тұрғылықты мекен-жайы бойынша әңгімелеседі. Тексеру барысында шақырылушылардың дене бітімі мен әскери даярлығына ғана назар аударылмайды, сонымен қатар бозбалаларды психологиялық тестілеуден өткізеді, қатаң талғаммен дене дайындығын тексереді. Сондай-ақ, білімі, психологиялық жағдайы мен моральдық-іскерлік сапасы да жан-жақты қарастырылады.
Шақыру комиссиялары қандай әскери мамандық бойынша әскери қызмет өтейтіндігін белгілеу мақсатында әрбір шақырылушымен әңгімелеседі, оның білімін, әрқайсысының жеке ерекшеліктерін анықтайды. Медициналық куәландыруды, психологиялық тестілеуді жүргізеді, бозбалалардың дене дайындығын тексереді. Барлық тексерулер нәтижесі бойынша әскерге шақырылушылар бөлінеді, бөлу барысында қандай да бір әскер түрлерінің талаптарына сәйкес болған уақытта шақырылушылардың өз қалауы да ескеріледі.
– Әскери борышын өтеуден жалтарғандарға үстіміздегі жылдан бастап заңның күшейтілгенін білеміз. Парыздан оңай қашып құтылудың жолын іздестіргендер кездесті ме?
– Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 387-бабында әскери қызметтен бас тартқандарды жазалау туралы жазылған. Егер мерзімді әскери қызметтен босату үшін заңды негізі жоқ шақырылушы өз борышын өтеуден жалтарған уақытта 1000 айлық есептік көрсеткіштке дейін айыппұлмен немесе осы мөлшердегі түзету жұмыстарымен жазаланады. Сонымен қатар, бір жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру немесе шектеу сияқты жазалау түрі қолданылуы да мүмкін.
Бүгінге дейін біздің жұмысымызда ондай өрескел жағдайлар туындаған жоқ, егер де сондай дәлелдер кездесе қалған уақытта біздің тарапымыздан заңға сәйкес шаралар қолданылады.
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.