«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІК ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Қан майданда Отан үшін от кешіп, қасық қаны қалғанша жаумен арпалысқан жауынгерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен майдангерлердің көбі туған жерге оралмады. Жат елде жер қойнына табысталғандардың бірі жерлесіміз – Қасым Жақыпов.

Ағалы-інілі Бекмағамбет пен Қасым Жақыповтар – Жамбыл ауданының тумалары. Ағасы соғыста бір аяғынан айырылса, інісі майданнан оралмады. Жылдар жылжып өтсе де, жүректегі жара жазылған емес. Қайда жерленгені белгісіз Қасым Жақыповтың жалғыз ұлы Декабрьден тараған ұрпақ оның бейітін көруді жылдар бойы армандаған. Майданнан асыл жарын күткен Қазина әжей екі жыл бұрын дүние салыпты.

Қасым Жақыпов 1941 жылы соғысқа Пресновкадан аттаныпты. Словенияда ауыр жараланған ол 1943 жылы ауыр жарақаттан көз жұмыпты.

– Енемнің айтуынша, атам 1906 жылы дүниеге келген. Соғысқа дейін ауылда механизатор болып жұмыс істеген. Ал майданға 1941 жылы аттаныпты. Соғыс жүріп жатқан уақытта атам ұрыс даласынан жиі хат жолдап тұрған, – деді Жақыповтар әулетінің келіні Ырысты Талғатбекқызы. Ол – Қасым Жақыповтың жалғыз ұлы Декабрьдің зайыбы.

Өткен күндердің естелігімен бөліскен ол енесі Қазина 110 жасқа келген шағында қайтыс болғанын айтты. Әкесі соғысқа аттанғанда Декабрь 6-7 айлық нәресте екен. Майдангердің Бекмағанбет атты ағасы мен Күлжан есімді қарындасы болған. Ырысты Талғатбекқызы қайын атасы сауықшыл, сөзге шешен, өнерге жақын болғанын енесінің аузынан талай естігенін айтты. Тіпті, ол қобызда ойнаған. Көненің көзіндей болған сол қобыз қарашаңырақтың төрінде әлі күнге дейін ілулі тұр.

Майдангердің артында қалған ұрпағы атасының ерлігін мақтан етеді. Жалғыз ұлынан тараған жеті баладан он екі шөбере бар. Олардың барлығы бүгінде әр салада жемісті еңбек етуде. Қазақ ырымшыл халық қой. Ержүрек, батыл әрі батыр болсын деп немерелерінің біріне атасының есімі берілген екен. Қасым Жақыпов төтенше жағдайлар қызметінде еңбек етеді.

Жақында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың басшылығымен делегация мүшелері Словенияда жерленген қазақстандық жауынгердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойғаны жайлы ақпарат тарады. Марқұмның басына қойылған ескерткіште Қасым Жақыповтың есімі жазылған. Бұл хабарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіген әулеттің қуанышында шек жоқ. Словенияда жерленген қазақ жауынгері солтүстікқазақстандық Қасым Жақыпов екенін дәлелдеу үшін ұрпағы қазан айында Словенияға баруды жоспарлап отыр.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp