«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛІККЕ ЕСКЕРТКІШ

Есіл ауданының Заградовка ауылында ауған соғысына қатысқан интернационалшы-жауынгерлерге ескерткіш қойылды. Ескерткішті “Прометей-Агро” ЖШС-нің директоры Юрий Шоль өз қаржысына орнатты.

Бүгінгі таңда Заградовка ауылдық округінде ауған соғысының Берік Төлегенов, Серкелбай Жантуғанов, Владимир Костюк, Сайран Мусин және Юрий Шоль сияқты ардагерлері тұрып жатыр. Жалпы Есіл ауданынан бұл соғысқа бір жүзден астам азамат аттанған екен. Қазір ауданда 31 ауған соғысының ардагері тұрады. Ескерткіштің ашылуына келген заградовкалық ардагерлер елге оралмаған жауынгерлер рухына тағзым етіп, 1982 жылы жат жерде қаза тапқан ауылдастары Петр Гунгерді еске алды. Осындай ескерткіш орнатуды азаматтық парызы санаған Юрий Шольге өз алғыстарын жеткізді.

Айналасына көк шыршалар отырғызылып, өрнектас төселген ескерткіш бүгінгі ұрпақты он жылға созылған сұрапыл соғыстың жүздеген құрбанын есте ұстап, бейбіт өмірдің қадірқасиетін түсініп, бағалауға баулумен бірге ауылдың ажарын да келтіріп тұр. Тоқсан шаршы метр жерге жайғасқан ескерткіштің құрылысы мен оның алаңын абаттандыру жұмысына серіктестік басшысы екі миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp