
Күлзара ДАЙЫРОВА, келіні:
– Менің жолдасым Қайролла да, оның әкесі де бір кіндіктен жалғыз ұл болған. Атам Есіл ауданы Қарағай ауылы маңындағы “Қырық үй қонған” деп аталатын қоныста 1896 жылы туған. Балалық шағы ел өміріндегі қилы кезеңдермен тұспа-тұс келген. “Ақ кетіп, қызыл келген” аумалы-төкпелі заманды да, ашаршылықты да, саяси қуғын-сүргін нәубетін де көрген. “Соғыс” деген суық хабар тұла бойды тітіркендіріп, атамызға да шақыру қағазы келгенде кемсеңдеп жылай бастаған кемпірін шалы: “Жаманшылық шақырып бұл не қылғаның?” – деп тыйып тастаған. 1941 жылдың аяғында әскер қатарына алынып, “Беларусь жеріндеміз, майданға ендік” деп қысқа ғана жазылған тілдей хаттан кейін хабар-ошар пышақ кескендей үзілген. Бірде үлкен атам мен бұғанасы қата қоймаған Қайролла екеуі сиыр жегілген арбаға отын тиеп, үйге жақындай бергенде шоғырланып тұрған бір топ адамды көреді. Бұларды көзі шалған әжеміз дауыс салып, аңырап қоя береді. Сөйтсе, пошташы Аман “қара қағаз” әкелген екен. Атамыз: “Көз жастарыңды тыйыңдар, түге. Балам тірі. Құдай түсімде аян берген жоқ”, – дегенде жиналған жұрт сілтідей тынады.
1944 жылы үйге сүріне-қабына кірген пошташы: “Нұрбайдан хат келді, сенбесеңдер, міне!” – деп бар даусымен айғай салған. Хатта: “Мен аман-есенмін, бәрі жақсы” делінген. Алақандай ғана ауылдан жаумен шайқасуға кеткен 33 боздақтан 16-сы ғана аман-есен қайтқан. Солардың бірі Қайрекеңнің әкесі 1945 жылдың аяғында отбасымен қауышқан. Оның себебін басқалар айта жатар.
Қымбат САЛАМАТОВА, қызы:
– Әкем әскери комиссариаттың тізіміне кіргенімен, ондағылар шақыруға асыға қоймайды. “Мені майданға жіберіңіздер” деген арызы да аяқсыз қалады. Хабардың кешігу себебін білмек болып аудан орталығына барады. Сөйтсе, “анасы жоқ үш балаңды кім асырайды? Кәрі әке-шешең және бар” деген жауап алады. Әйелі дүниеден өтіп, ішқұса болып жүрген кезі. Содан не керек, Рахима есімді әдемі бойжеткенмен үйленіп, әскери комиссариаттағыларды дегеніне амалсыз көндіреді. 45 жастағы оның өжет қимылы, тосын әрекеті талайларды тәнті етеді. Өйткені, аяқ-қолы балғадай адамдардың броньды сылтау етіп, тылда қалып қойғандары қаншама?!
Енді көпке дейін хабар-ошарсыз кеткеніне тоқталайын. Алма-кезек шайқастардың бірінде алдыңғы шептегі кеңес әскері жау қоршауында қалып, көбі қырылады. Зеңбіректер үздіксіз атқылап, әуеден бомба тасталып, жер-дүниені тамұққа айналдырып жібергендей болады. Әкем бір топ қаруласымен жау қоршауын бұзып шығып, орманға жасырынады. Бар ойлары – әскери бөлімді табу. Бірақ “білмеген жердің ой-шұңқыры көп” демекші, адасып, көп жүреді. Қайда барса да, айнала аш бөрідей анталаған жау. Қарын аш, киім жұқа. Ұйқы көрместен, дамыл таппастан бірнеше күн қалың ағаштың ішін кезеді. Өлдім-талдым дегенде бір селоға кезігеді. Мұнда белорустың қартаң әйелі үйіне әкеліп, тамақтандырады. Жараларын таңып, береді. Алайда, немістер бұлардың жасырынғанын сезіп қойып, атыс басталады. Екі жақтан бірталай адам оққа ұшады. Әкем тірі қалған бір жолдасымен кері шегініп, орманда бой тасалайды. Арада бірталай уақыт өткеннен кейін ғана әскери бөлімге барып қосылады. Сол-ақ екен, “неміс тұтқынында болды, соғыстан қасақана қашты” деген күдікке ілініп, ақ-қарасын айырмастан айып батальонына жібереді. Жарақаты жазылмай жатып алдыңғы шепке қайта салады. Осылайша, “сатқын” деген айыптауды оп-оңай таңа салатын кеңестік қызыл саясатты бастан өткерген қатардағы жауынгер жеңісті Венгрия жерінде қарсы алады.
Жанат ҚҰСАЙЫНОВ, немересі:
– Биыл “podvignaroda.ru” интернет-сайтын қарап отырып, атам туралы тың деректерді кездестіргенде өз көзіме өзім сенбедім. Қатты толқығаным соншалық, көпке дейін жүрек толқынысын баса алмадым. Жақсы хабарға туған-туыстарымның бәрі ортақтасып, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты. Атамның қанды қасапта екі рет жараланып, өліммен талай мәрте бетпе-бет кездескен хас батыр болғанын мақтан етемін. Марапат парақшасында жазылғандай Батыс, Воронеж, 9-шы Украин майдандары бағытында небір жойқын жорықтарға қатысқан. 1945 жылы 30 сәуірде болған кескілескен шайқаста жаудың 6 солдатын жайратып, 4-уін тұтқынға алған. Өзі ауыр жарақаттанып, госпитальға түскен. Осы ерлігі үшін Б. Хмельницкий атындағы 606-шы атқыштар полкінің командирі П. Булдаков “Қызыл Жұлдыз” орденіне ұсынған. Ал есеп карточкасында жоғарыдағы ерлігі атап жазылып, үшінші дәрежелі “Даңқ” ордені көрсетіліпті. Бұл хабар бізге арада 75 жыл өткен соң жетіп отыр.
Гүлнәр БӘЖЕНОВА, кенже қызы:
– Әкем дүниеден озғанша адалдығынан айнымады. Елге қадірлі, сыйлы, қолы ашық жомарт жан болғанын замандастары, ауылдастары үнемі айтып отыратын. Кіндігінен тараған 11 ұл-қызынан 50-ге жуық немере, шөбере өсіп-өрбігеніне шүкіршілік дейміз. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында әкем жайлы тың мәліметтер табылып, өлгеніміз тірілгендей, өшкеніміз жанғандай күй кештік. Құжатқа қарасақ, мемлекеттік марапатқа ұсыну туралы бұйрық 20 мамырда шығып, полк командирі қол қойған. Демек, әкемнің ерлігі атаусыз қалмағаны даусыз. Оның тапсырылмай қалуының басты себебі жоғарыда айтылған жалған айыптаулар ма деймін. Бір өкініштісі, 1945 жылы 28 сәуірде жасаған ерлігі айтылмай қалған.
Біздің әулет жоқ іздеген жолаушы сияқты. Дәлірек айтқанда, әке аруағының ризалығы үшін оған тиесілі мемлекеттік марапаттың отбасымызға тапсырылуын қалаймыз. Осы үміт жетегімен қорғаныс істері жөніндегі департаментте болып, тілегімізді жеткізген едік. Ерліктері жайлы сыр шертетін қолымыздағы аз-маз деректермен бөліскенбіз. Марапат қазақ жеріне қайтарылып, төрімізде ілулі тұрса деген басты арманымыз орындалса, мерейіміз өсер еді. Індете іздесе, әкемізге қатысты басқа да деректердің табылып қалуы ғажап емес.
РЕДАКЦИЯДАН: Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскери-патриоттық тәрбие және Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен жұмыс жөніндегі қызмет бастығының орынбасары Борис Сапенковтың айтуынша, 75 жыл өтсе де, хабар-ошарсыз кеткендер мен олар туралы деректерді іздестіру шаралары бір бәсеңдеген емес. Қазір интернет желісі көмегінің арқасында бұл шаруа біраз жеңілдеді. “Көмек сұрап жатқандар қатары көп. Бұл отбасына да жәрдемдесуге дайынбыз. Тек өтініш беруші адамның туу туралы куәлігі мен жазбаша арызы болса жеткілікті. Осы құжаттар негізінде Ресей Федерациясының тиісті ведомстволарына арнайы хат жолдаймыз”, – деді ол біздің сауалымызға берген жауабында.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.