Облысымызға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері келді. Олар Петропавл қаласындағы бірқатар әлеуметтік және медициналық мекемелерді аралады.
Комиссия мүшелері табан тіреген алғашқы мекеме – №1 қалалық емхана. Емдеу мекемесінде өткен кездесуде жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мәселелері сөз болды. Содан кейін елордалық меймандардың қатысуымен «Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын сақтаймыз» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, облыс әкімдігі жанындағы өңірлік комиссия мүшелері, сондай-ақ басқа да мүдделі тараптар: педагогтар, психологтар және медицина қызметкерлері шақырылды.
Биыл өңірде жасөспірімдер арасындағы жүктілік 2024 жылмен салыстырғанда 54 пайызға төмендеген. Дегенмен жыл басынан бері 16 жасөспірім қыздың аяғы ауыр болып қалып, олардың тоғызы жүктілікті жасанды жолмен тоқтатуға мәжбүр болған.
«Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, елімізде жыл сайын 15 пен 17 жас аралығындағы шамамен 3 мың жасөспірім жүктілік бойынша тіркеуге алынады. Бұл үрдіс 2016 жылдан бері өзгеріссіз сақталып келеді», – дейді Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Гаухар Нұрахметова.
Мамандардың айтуынша, елімізде жеткіншектерге медициналық-әлеуметтік және психологиялық қызмет көрсетуге бағытталған Жастар денсаулық орталықтары жұмыс істейді. Петропавлда мұндай мекеме өткен жылы ашылған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».