Қошқарбай Жұматаев жыр әлеміне бала жасынан бой ұрған дарын иесі болатын. Өлең жазумен Шал ақын ауданындағы бұрынғы Ленин орта мектебінің 5-сыныбында оқып жүрген кезінен бастап айналысты. Алғашқы балауса туындылары мектептің қабырға газетінде және республикалық “Пионер” газетінде жарық көре бастаған жас талап иесі оқу ордасындағы қаламгер-ұстаз ағалары Жарасбай Нұрқанов, Жылкелді Мұқанов және Ермек Қонарбаевтардан тәлім алғандықтан, жылдам қанаттанды. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқаннан кейін өзінің жүрек қалауымен Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті.
Сыртта жүрген бірер жылы ғана болмаса, оның негізгі еңбек жолы оқушы кезінен өте тығыз байланыста болған бұрынғы “Ленин туы” (қазіргі “Солтүстік Қазақстан”) газетінде өтті. Туған жерінде тілшілік қызмет атқарған талапты ақын шығармашылық жұмысқа беріле кірісіп, оның өлең-жырлары мен әңгімелері облыстық және республикалық газет-журналдарда жиі жарияланып тұрды. Төгілтіп сезім лирикасын жазатын талапты ақын бауырымыздың бір әттеген-айы жеке жыр жинағын шығара алмай кеткені, әрине, өкінішті.
Газетіміздің торқалы тойы үстінде өмірден ерте кеткен әріптесімізді сағынышпен еске алып, байырғы “Сыр-сандық” айдарымен өмірінің соңғы жылдарында жазған бір топ өлеңдерін жариялағанды жөн көріп отырмыз.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.