Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында кезекті брифинг өтіп, онда Қазақстандағы сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның өңіріміздегі филиалының атқаратын жұмысы әңгіме өзегіне айналды.
Аталмыш филиалдың басшысы Сергей Худяковтың айтуынша, олар саяси науқан кезінде заң бұзушылықтардың орын алмауын бақылайды және оның алдын алу жұмыстарымен айналысады. Яғни, депутаттыққа үміткерлердің сайлауалды шараларының заңдылығын, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізілетін насихаттағы тепетеңдікті қадағалайтын болады. Осындай ауқымды жұмысты атқару үшін облыс бойынша 709 адам тартылмақ. Бұл міндетті еріктілердің есебінен еңсеруді көздеп отырған филиал өкілдері әр ауданнан қанша адам қажет екендігін де белгілеген. Еріктілер жасақталғаннан кейін оларды оқытып, біліктіліктерін арттырмақ. Осыдан кейін ғана бақылаушылар сайлаудың жоғары деңгейде өтуін қадағалай алады. Жасы 18-ден асқан, жауапкершілігі мол солтүстікқазақстандықтар еріктілер қатарына қосылса, бір жарым ай бойы атқаратын жұмысы да төленеді екен.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.