«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСЕР МУЗЫКА ЕСТІ АЛЫП БІТЕ МЕ?

Алматыдағы Опера және балет театрына кіру бағасы 200-1500 теңге аралығында болса да, адам аз барады. Ал, Римде операға кіру бағасы бір адамға 145 доллар және билеті бір жыл бұрын сатылып кетеді екен. Ал, симфониялық музыка концертіне кіру бағасы бізде 500 теңге болса, 1994 жылы АҚШ-тың шеткері бір штаты Минесотыдағы Минеаполис қаласында болғанымда симфониялық музыка концертіне бағасы 33 долларға алған билетімнің түбіртегі өзімде әлі сақтаулы. Сол концерт өткен үлкен залда бос орын болмағаны есімде.

Германияда әр жарты миллион адамға бір симфониялық оркестр қызмет етеді екен. Қазақстанда 17 миллион халық тұрады десек, онда елде кемінде 30 симфониялық оркестріміз болуы керек екен. Ал, біздегі бары 5-ақ оркестр! АҚШ-та бір айдан аса, Еуропаның Нидерланд, Бельгия сынды елдерінде екі реттен болғанымда көшеде, көлікте, я басқа жерлерде елдің мазасын алатын елірме «музыканың» ойнатылғанын бір рет те естімедім. 
Немістің діни реформаторы Мартин Лютер: «Музыка – теологиямен тең, ібілісті қашыратын бірден-бір өнер түрі»,- деген екен. Шынында да, кейінгі кездері АҚШ-тағы кейбір мекемелердің алдына дыбыс құрылғыларын орнатып, классикалық музыкалық шығармаларды ойнатқанда сол маңды жайлап алған көше кезбелері жедел ғайып болған.
Мұның себебі – классикалық музыкалық шығарманың үн-иірімдері адам ағзасында жоғары жиіліктегі тербеліс туғызу арқылы зор энергиялық қуат жіберіп тазартуынан, бұған дайын емес жандардың тазаруды бірден қабылдай алмауынан екен.

Ч.Дарвин адамға аптасына кемінде бір рет парасатты музыка тыңдап және белгілі мөлшерде өлең оқу қажеттігін, өйткені, адамның музыкаға талғамын жоғалтуы – бақытын жоғалтуымен бара-бар екенін, бұл оның ақыл-қабілетіне зияндылығын, одан да қауіптісі – мінез-құлқына теріс әсер ететінін жазған.

Иә, гуманистік өнермен тәрбиелеу мәселесі жолға қойылмай, бетімен жіберілген, адамдардың санасы ала-құла қоғамда неше түрлі агрессивті мінездердің қатерінен ешкім де алаңсыз өмір сүре алмайды. Егер, мемлекетімізге тобыр емес, тұлғалар қажет десек, адам сезімінің тілі – музыка өнерінің парасатты саласын насихаттау жұмыстарын жолға жедел қою қажет. Өйткені, адамның намысын, сенімін сезімі нығайтады. Сезімі дамыған жан ешқашан қоғамдағы халықтық мәселелерге бейжай қарамайды. Ал, сезімсізден тұлға шықпайды, ондайлар тобырлық санамен не нәрсеге де көнбіс болып, айдаған жаққа жүре бермек.

Хасен ҚОЖАХМЕТ,
композитор, өнертанушы.

(«Ақиқат», №9, 2014 жыл.)

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp