«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСІЛДІКТЕРДІҢ КЕМШІЛІКТЕРІ КӨП

Облыс әкімінің тапсырмасымен облыста аудандық, өңірлік бюджеттің кіріс және шығыс бөлігінің атқарылуын қадағалайтын көшпелі жұмыс тобы құрылды. Жылдық жоспар қалай орындалуда? Есіл ауданында өткен алғашқы жиында осы сауал төңірегінде әңгіме қозғалды.

Үстіміздегі жылдың 9 айында Есіл ауданында бұл бағытта атқарылған жұмыс көңіл көншітпейді. Аудандық қазынаға 18 миллион теңге уақытында түспей, тағы 13 миллионы игерілмеген.

– Жергілікті бюджеттің орындалмауы бұл талаптың төмендігінен деп ойлаймын. Сондықтан ешқандай алға жылжушылық байқалмайды, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров.

Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында жиынға қатысушыларды аудан әкімі Мұратбек Әбішев хабардар етті. Ол өз сөзінде жұртшылықты жылдық жоспар желтоқсан айының соңына дейін тиісті деңгейде орындалады деп сендірмек болды.

Есілдіктер республикалық трансферттен бөлінген қаржыны да ойдағыдай игере алмай отыр.

– Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бюджет орындалмады. Жыл басынан аудандық бюджетке сегіз мәрте өзгертулер енгізілген. Жер учаскелерін сатып алуға байланысты 20 миллион және он бір жарым миллион теңге болатын әлеуметтік салық төленбеген. Есіл ауданында бұдан да басқа проблемалар бар, – деді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша салық департаменті басшысының орынбасары Әлібек Ашуов.

Бюджеттің орындалмауына қатысты тағы бір мәселе – кейбір серіктестіктер осы ауданда жұмыс істеп, жерін пайдаланып отырса да өзге облыстарда тіркелген. Комиссия мүшелері олардың басшыларына кәсіпорындарын біздің өңірде рәсімдеуді ұсынды.

Есілдіктер Мемлекет басшысының етті ірі қара санын арттыру жөніндегі тапсырмасын да орындай алмай отыр. Биыл олар 2,5 мың бас мал сатып алулары керек еді. Оның 774 басы ғана әкелінген. “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” сияқты мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы да нашар.

Бұл ретте Есіл ауданының өкілдері мал сатуға өтініш беріп қойдық деп ақталғандай болды. Жұмыстарына салғырттықпен қараған аудан әкімінің орынбасары мен ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына сөгіс жарияланды.

Отырысты қорытындылаған Айдарбек Сапаров аудан әкіміне жағдайды шұғыл түзеу қажеттігін ескертті.

Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp