
Еліміздің барлық өңірлерінде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты облыс аумағында карантиннің жариялануы азық-түлік өнімдерінің күрт қымбаттауымен қатар тапшылығын да сездіре бастады. Оның бір себебі делдалдардың бағаны күрт өсіріп жіберуі болса, екінші себебі қағазбастылық, бюрократтық кедергілерге келіп тіреледі. Өткен сенбі-жексенбі күндері жұртшылық ат ізін жиі салатын базарлар сөрелерінде ет өніміне ұзын-сонар кезек қалыптасып, қасқалдақтың қанындай қат өнімге айналды.
Сол күндері бірқатар сауда нүктелеріне бас сұққан едік. Уәлиханов көшесінде орналасқан ет дүкеніне келгенімізде кезекке тап болдық. Етті шертіп жүріп таңдап алатын қазекем сүйгеніне емес, қолға тигеніне мәз. Дүйсенбі күні тағы соқтық. Сөрелер бос, жылан жалағандай. Өзін Айгүл деп таныстырған дүкен иесі етке тапсырыс бергендерін, кешеден бері күтіп отырғандарын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда ауылдардан ет өнімдерін арнайы тасымалдайтын көліктер жеткіліксіздігінен осындай бөгесін орын алғанға ұқсайды. Мұнда бұрынғыға қарағанда бағаның ептеп көтерілгені байқалады. Қабырға етінің бір килосы – 1650 теңге. Таза ет – 2300 теңге, шошқа еті – 1700-1950 теңге төңірегінде. Жылқының сүр еті 3200-3600 теңгеге жетіп қалыпты. Назарбаев көшесіндегі «Семейный» супермаркетінде ет бағасы тіпті қымбат. Қабырға, төс еті – 1800 теңге. Сан еті – 2200 теңге болса, таза ет – 2650 теңге. Аға сатушы Лилия Шумилоның айтуынша, бүгін де қызылсырағандардың тісі қышитын сияқты. Демалыс күндері «Дария» базарында болғанымызда қоржыны бос қайтқан бірқатар тұрғындармен сөйлескен едік. “О, тоба! Адамдар сүйек-саяққа дейін сатып алып кетті. Әне, сөрелер бос, оның себебін ешкім түсіндіріп бере алмайды. Бәрі алақан жаяды. Мұндай тәртіпсіздікке «әй дер әже, қой дер қожа» жоқ. Біз сияқты аз қамтылған жандардың халі мүмшкіл. Баға шарықтап барады. Күнкөріс қиындап кетті”, деді тілдескендеріміздің бірі.
Дүйсенбі. Дария базары. Бүгін түскені – бар-болғаны бес ірі қара малдың тұтас еті ғана. Бұрындары оның саны 15-20-ға дейін жетіп, самсап тұратын. Базардың иесі Роза Шакирова ет әкелушілердің тізімін жасап, қалалық штабқа жөнелткеніне бірнеше күн болыпты. Ол жақтан тырс еткен үн жоқ. Талап бойынша интернет арқылы жіберілген тізім бір күннің ішінде сүзгіден өтіп, жергілікті полиция қызметіне ет әкелуге рұқсат етілген көліктің нөмірі мен кәсіпорынның аты-жөні тапсырылуы тиіс. Біздіңше, барлық гәп осы жердегі үйлеспеушілікте жатқан тәрізді.
– Ет тасымалдаушылар Булаеводан, Явленкадан хабарласып, блокбекеттерден өте алмай жатқандарын айтады. Біз – тапсырыс берушіміз. Штабтың талап еткен құжаттарын жеделдетіп өткізіп жатырмыз. Міне, бүгін ет әкелмек болған 13 адамның аты-жөні көрсетіліп, жіберілді, – дейді Роза Хафизқызы.
Ет өнімінің күрт кеміп кетуіне байланысты баға шарықтап шыға келген. Бағаны 20 пайыздан әрі көтеруге болмайды деген шарт- талап сақталмағандықтан, делдалдар сатып алу бағасын 1500 теңгеден 1700 теңгеге дейін асырып жіберген. Назарбаев көшесіндегі ет дүкенінің иесі Ислам Сәлімжанов бағаны 50 теңгеге ғана өсіргенін жасырмады. Ол жетекшілік ететін «Сәлімжанов» жеке кәсіпкерлігі делдалсыз жұмыс істейді. Ірі қара еттерін Мамлют, Жамбыл аудандарынан тасымалдайды. Таза еттің бір килосы – 2000 теңге. Төс, сан еттері де қолжетімді. “Ет әкелейін десем, рұқсат қағаз ала алмай отырмын. Жалпы, рәсімдеу ісі тым күрделі. Әрине, сақтық шаралары ауадай қажет. Бірақ қолдан жасалатын бюрократтық бөгесіндерге тұсау салмай болмайды”, – дейді жас кәсіпкер.
Түйткілді мәселенің мән-жайын білмек болып қалалық әкімдікте орналасқан штабқа келдік. Телефонның үздіксіз безектеуіне қарағанда мұндағылар мұрындарынан шаншылып жатқанын байқадық. Сәтін салғанда кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің міндетін атқарушы Әлия Бейсенованы осында кездестірдік. Ол өтініштердің көптігінен мойын бұра алмай жатқандарын, карантин талаптарын кәсіпкерлер әлі толық түсінбей жатқандарын мойындап, алда жағдайдың түзелетініне сендірді.
Сурет https://ivesta.kz/ сайтынан алынды.