Оқушылар сарайында педагогтардың облыстық тамыз кеңесі өтті. Оған өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Биылғы жиын «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбына арналды. Жиында өткен оқу жылының негізгі жетістіктері сараланып, алдағы басым бағыттар айқындалды.
Алқалы басқосуға еліміздің әр өңірінен тәжірибелі ұстаздар, салалық сарапшылар мен білікті мамандар шақырылып, білім беру жүйесін жетілдіруге арналған тың жобалар мен заманауи бастамалар ұсынылды. Конференция педагогтар қауымы үшін пікір алмасудың, тәжірибе бөлісудің және ортақ міндеттерді айқындаудың тиімді алаңына айналды.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов саладағы іргелі істерге тоқталып, өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамыту, жаңа мектептер мен балабақшалар құрылысы, сондай-ақ оқу-тәрбие үдерісін сапалық тұрғыдан жетілдіру бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылатынын атап өтті.
– Биыл облысымыздағы бес мектеп республикадағы үздік 100 білім ошағының қатарына енді. Салаға 1,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, бірнеше мектеп пен балабақша құрылысы қолға алынды. Жауапты басқармаға құрылыс сапасын мұқият қадағалауды тапсырамын. Балалардың игілігі үшін жасалған әрбір іс сапалы болуы тиіс, – деді өңір басшысы.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова өз баяндамасында саладағы маңызды көрсеткіштермен бөлісті. Оның айтуынша, облыста бүгінде 450-ге жуық мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Онда 15 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Қажеттілік деңгейі небәрі үш пайызды құрайды. Балабақшалар саны жыл сайын артып, кезекте тұрғандар азаюда. Биылдың өзінде орын тапшылығы 3622-ден 2651 балаға дейін қысқарған.
Сонымен қатар түрлі себептермен балабақшаға бара алмаған балаларға да жағдай жасалуда. Бастауыш сыныпқа дайындықпен келу үшін өңірде 424 консультациялық пункт ашылып, онда 1200-ден астам маман ата-аналарға әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсетуде. Тек бір жылдың ішінде мұндай қызметті 1298 бала мен 1256 ата-ана пайдаланған. Бұған қоса, мектепке дейінгі даярлықтан өтпеген балалар үшін жазғы кезеңде қысқа мерзімді даярлық топтары ұйымдастырылған. «Балақайлар мектебі» бағдарламасы аясында биыл 26 топ ашылып, 138 бала қосымша біліммен қамтылыпты.
Бала дамуының сапасын бақылау үшін өңірде «Дамудың жеке картасы» енгізілген. Қазір бұл құжат цифрлық форматқа көшіріліп, Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграцияланыпты. Ал білім сапасын арттыру мақсатында 23 Компетенция орталығы құрылған. Келер жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру ісінде аудан орталықтарында ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілмек. Нәтижесінде кезектегілер саны тағы да азаяды деп күтілуде.
Жиында ауыл мектептеріндегі білім сапасын жақсарту мәселесіне ерекше мән берілді. Облыстағы мектептердің 76 пайызы шағын жинақты болғандықтан, «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы қолға алынған. Бұл жоба аясында 52 мектепке қолдау көрсетіліп, 980 мұғалім біліктілігін арттырды. Сонымен қатар оқыту үдерісіне жасанды интеллект элементтері енгізіліп, арнайы курстар ұйымдастырылуда. Биылдың өзінде 274 жоғары сынып оқушысы онлайн-платформа арқылы бағдарламалау мен жасанды интеллект негіздерін меңгерген.
Айнагүл Ағыбайқызы цифрландыру бағытында да тың бастамалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Былтыр іске қосылған BilimClass платформасы сабақ сапасы мен оқушылардың үлгерімін күнделікті бақылауға мүмкіндік берген.
Облыста қазақ тілінде білім беруді дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Өткен жылы жеті мектепте қазақ сыныптары ашылып, жаңа білім нысандарында қазақ және орыс тілінде оқыту жүйесі қатар енгізілді. Бұл бағытта мақсатты жұмыстар жалғасып келеді.
«Орыс тілінде оқытатын мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда да қазақ сыныптары мен топтары ашылып жатыр. Мәселен, өткен оқу жылында жеті мектепте қосымша 12 мектепалды даярлық сыныбы мен қазақ тілінде оқытатын 1-сыныптар ашылды. Атап айтқанда, Аққайың ауданында – 1, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда – 2, Тайынша ауданында – 1, Тимирязев ауданында – 1 және Шал ақын ауданында – 2 сынып жасақталды», – деді Айнагүл Сұрағанова.
Жаңадан салынып жатқан білім беру нысандарында да қос тілді сыныптар мен топтар ашылуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс орталығында пайдалануға берілген №28 жалпы білім беретін мектеп, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынған «Бірлік» шағынауданындағы «Аққайың» балабақшасының филиалы мен «Береке» шағынауданындағы «Снежинка» балабақшасының филиалында қазақ және орыс тілінде білім беру жүйесі енгізілген.
Оқушыларды әлеуметтік қолдау шаралары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап 1-4 сынып оқушылары жергілікті бюджет есебінен тегін ыстық тамақпен қамтылды, ал 2025 жылдың қаңтарынан бастап балалардың жас ерекшеліктеріне қарай тамақтану құны дифференциалды түрде белгіленіп, 6-10 жас аралығында – 637 теңге, 11-14 жаста – 745 теңге, 15- 18 жаста – 794 теңге болып бекітілді. Биыл енгізілген жаңа тамақтану стандарты мен «Әлеуметтік әмиян» платформасы ата-аналар үшін төлемнің ашықтығын қамтамасыз етіп, қаржыландыру тетіктерін барынша айқындауға мүмкіндік беріп отыр.
Инклюзивті білім беру – білім саласындағы басым бағыттардың бірі. Қазіргі таңда облыста ерекше білімді қажет ететін 5379 бала бар. Олардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен серіктестік орнатылып, арнайы жобалар жүзеге асырылып келеді.
Облыстық білім басқармасының басшысы өз баяндамасында кәсіптік-техникалық білім беру саласының да дамып келе жатқанын айтты. Қазір 24 колледжде 67 мамандық бойынша кадр даярланып жатыр. Мемлекеттік тапсырыс көлемі 45 пайызға артқан. Өңірлік чемпионат жеңімпаздары республикалық сайыстарда жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ колледж оқытушылары шетелдік тәжірибеден өтіп, кәсіби біліктілігін жетілдіруде.
Конференция шеңберінде педагогтар қауымына арналған заманауи білім беру технологиялары мен инновациялық әдістемелер таныстырылған арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге нарықта 17 жылдық тәжірибесі бар жиһаз өндіруші «Регион 715» серіктестігінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ оқушылар мен мұғалімдерге арналған мектеп формасын тігумен айналысатын «SENS FASHION» ЖШС, «Арман ПВ», «Көкжиек», «Атамұра», «Алматы кітап» секілді кітап баспалары да өз өнімдерін ұсынды. Ұстаздар тек жаңа оқыту құралдары мен цифрлық платформаларды көріп қана қоймай, олардың жұмыс істеу тетіктерімен танысып, тәжірибеде қолдану жолдарын талқылауға мүмкіндік алды. Көрмеде робототехника, жасанды интеллект элементтері, интерактивті сабақ үлгілері, қашықтан оқытуға арналған бағдарламалар және оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталған әдістемелер ұсынылды. Бұл бастама педагогтардың кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, мектеп тәжірибесіне жаңа серпін беруді көздейді.
Жиын қорытындысында сала қызметкерлерінің еңбегі лайықты бағаланды. Облыс әкімі мен Оқу-ағарту министрлігінің атынан 34 педагог пен сала қызметкері түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Олардың қатарында ұзақ жылдар бойы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп келе жатқан тәжірибелі ұстаздар ғана емес, білім беру ұйымдарының техникалық қызметкерлері де бар. Биылғы мамыр айында жарияланған «Ең үздік мектеп» байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Аталған байқауда жоғары нәтижеге қол жеткізген №3 Бескөл орта мектебіне 68 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Конференция соңы пленарлық отырысқа ұласты. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы, педагогикалық шеберлік орталығы, Назарбаев зияткерлік мектебі, «Әдістемелік орталық» КММ, Байкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжі, А.Бөкейхан атындағы №25 орта мектеп, Қызылжар ауданындағы «Мирас» бөбекжай-бақшасының өкілдері сөз алып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.