«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕГІ ЕЛЕНГЕН ЖАНДАР

Қалалық Мәдениет үйінде Еңбек күніне орай өткен салтанатты шара барысында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды. 

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев жиналған жұртшылықты құттықтап, бұл мерекенің маңызына тоқталды.

– Елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісі “Еңбек күні” деп белгіленген болатын. Бұл мереке халқымыздың әлеуметтік және экономикалық жетістіктерін саралауға арналған. Еліміздің барлық азаматтарына амандық және тәуелсіз Қазақстанның игілігі жолындағы қызметтеріне табыс тілеймін, – деді Асқар Жоламанұлы.
Содан кейін ел экономикасын дамыту мен нығайтуға үлес қосқан еңбек ардагерлері мен түрлі салада кәсібін ұрпақтарымен сабақтастыра жалғаған еңбек әулеттерінің өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ, шара барысында республикалық “Еңбек жолы” және “Парыз” сайыстарының облыстық кезеңінің қорытындысы жарияланды. Еңбек адамдары жөнінде жағымды қоғамдық пікір қалыптастыру және кәсіпорындар мен ұйымдарда жаңа еңбек әулеттерінің құрылуына жағдай жасауды көздеген қос шараға ел бойынша жалпы 388 өтінім түскен екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 58,4 пайызға көп.
“Еңбек жолы” сайысына біздің өңірден 21 кәсіпорын мен ұйым қатысқан. “Үздік еңбек әулеті”, “Өндірістің үздік жас қызметкері” және “Жұмыскер жастардың үздік тәлімгері” аталымдары бойынша марапаттар тапсырылды. Ал 38 кәсіпорын мен ұйым “Парызға” қатысуға өтініш білдірген. Олардың 18-і шара барысында құрметке бөленді. Онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша ең көп дауыс жинаған үздіктер республикалық кезеңге жолдама алды.
Шара соңы жергілікті өнерпаздар дайындаған мерекелік концертке ұласты.

 

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp