Еліміз егемендік алғалы алыс-жақын шетелдегі отандастарымыз атамекенге орала бастады. Нұрлы көштің керуенінен қалмай, ата-бабаларының туған еліне табанын тіреген талай отбасы бүгінде түтінін түтетіп, өз ісін дөңгелетіп, еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып отырған жайлары бар. Елбасының сындарлы саясаты арқасында алыстағы ағайындардың атажұртқа бет бұра бастағаны, әрине, көңілге қуаныш сезімін ұялатады. Ал енді елге келіп, қоныстанып, тұрмыс-тіршілігін түзеп, жаңа өмір бастаған өнегелі отбасылармен кездесіп, жүздескенде сол қуанышың еселене түскендей болады.
Елбасының шеттегі отандастарымызды елге шақырған үндеуіне құлақ асып, белді бекем буып, отбасымен бірге біздің өңірге көшіп келгендердің бірі – Иманқұл Пірімқұлов. Ол атажұртқа Өзбекстан елінен 2004 жылы қоныс аударған. Балаларының болашағын ойлаған отағасы мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай мүмкіндікті мүлт жібермей, өзінің отбасын ғана емес, ағайын-туысқандарының да Қазақстанға көшіп келуіне ықпал еткен.
– Тағдырдың жазуы солай болған шығар, біздің балалық шағымыз, жастық дәуреніміз елден жырақ жерде өтті. Бірақ қайда жүрсек те, туған жердің топырағын аңсадық. Үлкендердің әдемі әңгімесінен естіген елді, жерді көрсек деген арманымыз ақыры орындалды. Мұның барлығы – Тәуелсіздік туы қолына тиісімен дүниежүзіне тарыдай шашырап кеткен отандастарды көк байрақтың астына жиналуға шақырған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасы. Алыстан келген ағайынды құшақ жая қарсы алған елге де, осындай игі шараның барлығына басшылық етіп отырған Елбасының көрегендігіне де дән ризамыз. Қонысымыз құтты болды. Баспанамыз бар, қолымыздан келгенше еңбек етіп, отбасымыздың жағдайын жақсарту бағытында жұмыс жүргізіп жатқан жайымыз бар. “Біз келдік, көмектесіңдер” деп мемлекетке алақан жайып отырған жоқпыз. Жан-жағымызға жалтақтап-жаутаңдамай, тірнектеп жинаған азын-аулақ қаражатпен ойлаған істерімізді ақырындап жүзеге асырудамыз, – дейді отағасы.
Иманқұл Бердіқұлұлы бүгінгі таңда дәмхана ашуды ойластырып отыр. Елу адамға шақталған дәмхананың шағын ғимаратын үйдің қасынан дайындап та қойған. Іші кең, жарық, ондағы орындық, үстелдерге дейін өз қолымен жасап қойған. Жақын арада жұмысқа қосу үшін қажетті деген құжаттарын дайындап, тиісті мекемеге тапсырған. Сәтін салса, жақын арада өз кәсібін ашамын деген үміт оны алға жетелейді.
Отағасының негізгі мамандығы – аспаз. Ұлттық тағамдардың неше түрлісін дайындайды. Ұйғыр, дүнген, өзбек, түрік тағамдарын дәмді етіп жасап беру тәжірибесі мол аспазға таңсық емес. Дәмхана ашуды қолға алғаны да сондықтан. Ойы жүзеге асса, дәмхананың қасынан дүкен ашып, халал ет сатсам ба деген жоспар бойынша да бүгінге дейін біраз істерді тындырып қойған. Қолындағы келіні Айгүлдің бірінші мамандығы ұстаз болғанымен, оны да ата-енесі аспаздыққа оқытқан. Көздеген мақсат – отбасы болып бір бағытта жұмыс істеу.
Бүгінде бес баланың анасы, отбасының ұйытқысы болып, берекесін келтіріп отырған Пазилат апайдың ұлты – қырғыз. Тағдырдың жазуымен дәм-тұз айдап, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан қырғыз қызы келін болып түскен жеріне тастай батып, судай сіңген. Жергілікті жұртпен тез тіл табысып, үй шаруасына біте қайнасып, үйренісіп кеткен. Ата-бабадан жібін үзбей жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыпты сақтап, салт-дәстүрді жетік меңгерген қазақ келіні ынтымақтың ұйытқысы болып отырған Қазақстанда татулық пен бірлік салтанат құра беруіне тілектес жандардың бірі. “Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір” деген нақыл осындайда айтылса керек.
Ою-өрнек салуды бір адамдай меңгеріп алған қолөнер иесі жасынан ине-жіпке жақын өскен. Әжесі оны тігуге, тоқуға баулып, осы саланың қыр-сырын үйреткен. Тұрмысқа шығар жасы келгенде әжесі мен анасы ұзатылғалы отырған қызға өз қолымен дайындаған түрлі-түсті жіп әкеліп берген. Ал Пазилат апай болса одан үлкен тұскиіз тоқыған. 27 күнге созылған жұмыс ақыры көңілден шыққан. Сол тұскиіз баға жетпес сыйлық ретінде өзіне қымбат адамдардың көзіндей әлі күнге Пазилат апайдың төрінде ілулі тұр.
Зайыбының іске қолы епті екендігін жылдар бойы көріп, көз жеткізіп жүрген отағасы оның да жағдайын ойластырып қойған. “Даму” бағдарламасы аясында қаражатқа қол жеткізіп, іс тігуге арналған сегіз машина сатып алған. Оның ең арзан дегені 75 мың теңгеге түссе, ою-өрнек салып тоқуға арналған жаңа үлгідегі іс машинасын 120 мың теңгеден тапсырыс бойынша Қырғызстаннан алғызған. Қазір отағасы тігін цехын ашу үшін керек деген құжаттарды дайындау үстінде. Әзірге бір іс тігетін машинамен өнер иесі өзі үйде отырып жұмыс істесе, қалғандарын уақытша жалға беріп қойған.
Президентіміз бекіткен квотамен келген оралмандар отбасының бүгінгі тірлігі, міне, осындай. Олар – қолдарынан келгенше еңбекке араласып, Елбасының сенімін ақтауға тырысып жүрген іскер жандар. Жоғарыда атап өткен қыруар шаруаны біржақты етіп алғанша, уақытты текке өткізбей, маусымдық жұмыспен де айналысып жүрген жайлары бар. Наурыз айынан бастап ерлі-зайыптылар көшет отырғызумен айналысады. Жүздеп емес, мыңдап отырғызатын көшеттерден түсетін қаражат та аз емес.
2005 жылдан бері осы іспен айналысатын отбасын бүгінде аудан орталығында көпшілік біліп, танып та алған. Олар енді бастапқы кездегідей өнімдерін базар жаққа апарып саудаға салмайды. Тұрғындардың өздері үйге келіп, керегін санап, сатып алады. Отағасының сөзіне сүйенер болсақ, олар бір ғана қызанақтың төрт бірдей түрін өсіріп, сатады екен. Сонымен қоса, асқабақ, қызылша, сәбіз, қырыққабат, картоп егіп, жерді идіріп, игілігін көріп отырған еңбекқор отбасы, міне, осындай.
Тәуелсіздік тілегін тілеп, тоқтаусыз толқынмен алға басып, басқаларға үлгі-өнеге бола білген отбасының алға қойған мақсаты, жоспарлы жұмысы бар. Олай болса, ерінбей еткен еңбектің өнбегі де бар болары айдан анық. “Елден не алсам деп емес, елге не берсем деп келіңіздер!” деген Елбасының сөзін терең ұғынған осындай ағайындар қатары толыға түсіп, атажұртқа бет алған ұлы көштің қозғалысы жандана түссе, нұр үстіне нұр болар еді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.