«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК МАЙДАНЫНЫҢ БАТЫРЛАРЫ

Облыстық әкімдікте өткен салтанатты жиында өңір басшысы тыл ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтап, марапаттар табыстады. Жиынды ашқан Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандықтардың тылда жан аямай еңбек етіп, жеңіске елеулі үлес қосқанын атап өтті.

«Біз бүгінгі кездесуді Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ұйымдастырып отырмыз. Бұл – әрқайсымыз үшін аса маңызды әрі қасиетті күн. Аға буынның арқасында жеңіске қол жеткіздік. Үлкендердің ерлігін ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз. Мерейлі датаға орай елімізде көптеген шаралар өтуде. Облыс деңгейінде танымдық кездесулер ұйымдастырылып, ардагерлерге құрмет көрсетілуде. Жеңісті жақындатуға өңір халқы да үлес қосты. Соғыстың алғашқы күнінен бастап азаматтар әскерге аттанып, тылдағылар қызу еңбекке кірісті. Сіздер майдан қажеттілігін өтеу үшін ештеңеден аянбай тер төктіңіздер. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын тыл ардагерлерінің қатары сиреп келеді. Бүгінде өңірде 3 соғыс ардагері мен 2396 тыл ардагері бар, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Жиында ардагерлерге Жеңістің 80 жылдығына орай мерекелік медаль табысталды. Зейнолла Олжабаев, Тілек Әбдірахманов, Әсия Әжібаева, Валентина Зайцева, Шолпан Махметқызы, Қайни Әбілқасова, Индустрия Әбдірахманова және т.б. тыл еңбеккерлері, блокададағы Ленинград тұрғындары, концлагерь тұтқындары мерейтойлық медаль иеленді. Шараға жиналғандар өткен күннің естеліктерімен бөлісіп, көз жастарына ерік берді.

«Мен соғыс басталғанда алты жаста едім. Бала кезімнен бастап колхоз жұмысына кірістім. Біз соғыс аяқталғанға дейін, Жеңіс күнінен кейін де шатқаяқтаған шаруашылықты аяққа тұрғызу үшін еңбек еттік. Сол сәтте бізде «Бәрі де жеңіс үшін» деген бір ғана ұран болды, – деді Тілек Әбдірахманов.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp