Кеше өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен еңбекақы жөніндегі қарызды өтеу бойынша шаралар қолдануға арналған дағдарысқа қарсы штабтың кезекті отырысы болып өтті. Оған барлық аудандар мен Петропавл қаласының және жекелеген борышкер кәсіпорындардың басшылары қатысты.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Мемлекеттік Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Амантай Сейфуллиннің айтуына қарағанда, 2012 жылы 113 ұйым тексеріліп, олардың 384,1 млн. теңге еңбекақы қарызы бары анықталған. Оның күні бүгінге дейін 362,2 млн. теңгесі өтелген. Адам құқығын бұзғаны үшін барлық 113 заңды тұлғаға 12,8 млн. теңгенің айыппұлы салынған. Алайда, бүгінгі күні облыстың 40 кәсіпорны 2746 жалдамалы еңбеккеріне еңбекақы бойынша 154,5 млн. теңге қарыз болып отыр. Ең көп қарызы барлар – Аққайың, Айыртау, Ақжар, Есіл, Қызылжар, М.Жұмабаев, Тайынша, Уәлиханов аудандары мен Петропавл қаласының кәсіпорындары. Мемлекеттік еңбек инспекторының нұсқамасын орындамағаны үшін 19 кәсіпорынның басшысына материал әзірленіп, әкімшілік сотқа жолданған.
Облыстық Салық департаментінің басшысы Қайрат Жолмұхамбетов банкроттыққа ұшыраған және оңалтылып жатқан 50 кәсіпорынның еңбекақы жөніндегі қарызын өтеу үшін атқарылып жатқан шараларды баяндады.
Сот актілерін орындау жөніндегі департаменттің басшысы Рахмет Базылов еңбекақы қарызына байланысты 2013 жылы 380 атқарушылық іс жүргізілсе, жыл басынан бері ол 110-ды құрағанын, өсім әлдеқайда көп екенін атап айтты.
Штаб отырысына арнайы шақырылған “Транс-Авто” ЖШС-нің басшысы 16,6 млн. теңгенің қарызын тез арада өтейміз деп сендірді.
Күн тәртібіне байланысты жекелеген аудандардың әкімдерін тыңдаған Самат Сапарбекұлы еңбекақы жөніндегі қарызды штаб отырысына жеткізбей шешу қажеттігін, борышкер кәсіпорындар туралы ай сайын аудандық газеттерде жариялап отыру керектігін атап айтып, өзекті мәселеге бақылау жасауды өзінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровқа тапсырды.