«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКТЕРІ ЕСКЕРІЛСЕ ЕКЕН…

“Мектептің тірегі де, тіреуі де – оқыта білетін мұғалім”, – деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, Шал ақын ауданының Алқағаш негізгі мектебінің директоры, математика пәнінің мұғалімі Бикеш Жұмағұлованы осындай ұстаздардың қатарына жатқызуға болады. Білімді де жан-жақты, шығармашылықпен жұмыс істейтін, өз мамандығын жетік меңгерген, тынымсыз еңбегімен оқушылар назарына іліккен Бикеш Қатранқызы отыз жылдан астам уақыт ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып келеді. Алқағаш негізгі мектебінің директоры болып қызмет атқарып келе жатқанына да он жылдан асты. Бикеш Қатранқызы ұжымның инновациялық ізденісіне дәнекер болып, талап қоюмен қатар, кез келген жанның көңілінің тетігін тауып, еңбекке жұмылдыра білетін қасиетімен әріптестері мен оқушыларды баурап алады. Білім саласының сан баспалдағынан өткен ұстаздың педагогикалық тәжірибесі мол.

Білім саласындағы тәжірибесі толысқан ол педагогикалық ортада шығармашылығымен бөлісіп отырады. Адамгершілігі жоғары, білгір ұстаздың әріптестерінің ортасында қашан да беделі биік. Оның айналасына шуақ шашып жүретін жайдары мінезі мен адалдығы, кез келген педагогикалық жағдаяттан жол таба білетін пайымы, үлкенге құрметі, кішіге ізеті өзіне баурай түседі. Ұстазға тән ізгі болмысы да осында. Халқының алдындағы ұстаздық борышы мен міндетін мінсіз орындауға бел буып, осы күнге дейін сертінен жаңылмай, өз ортасында әрқашан мейірімділік пен махаббаттың, білімге деген құштарлық, адалдық пен әділеттіліктің шуағын сеуіп жүр. Ұстаз ретінде Бикеш Жұмағұлова – ұжымдастарының мақтанышына лайық жан.

Аталған білім ошағында жиырма бес жылдан астам уақыт Бикеш Жұмағұловамен қоян-қолтық еңбек етіп келе жатқан Айсұлу Бегалинаны да атамасқа болмайды. Айсұлу Бозжігітқызы – Алқағаш негізгі мектебінің химия және биология пәндерінің мұғалімі. Отыз жылға таяп қалған еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз – мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Өз ісін теориялық және әдістемелік жағынан терең меңгерген, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін ізденіспен пайдаланып, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл ұстаз. Ол өзінің терең білімімен, байсалды мінезімен, білікті тәжірибесімен шәкірт жүрегіне жол таба алды.

“Ұстаз болу – өзінің уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау”, – деген болатын Ж.Ж.Руссо. Иә, өз болашағын ұстазға сеніп тапсырып, білім нәрімен сусындауға келген жәудіреген көздердің жан дүниесіне үңіліп, әрқайсысының жеке қасиеттерімен жете танысып, отбасылық жағдайын, қызығушылықтарын білу, өз балаңнан кем көрмей жанашырлықпен қарау, тура жолға салу, өмірге нық қадам басуына ұйытқы болу – мұғалімнің басты қағидасы. Мұғалім – шығармашыл тұлға. Бұл тұрғыдан келгенде, Бикеш Қатранқызы мен Айсұлу Бозжігітқызы алдарына жан салмайды. Олар ауданда, мектепте өткізілетін әртүрлі іс-шараға мұқият дайындалады. Ол еңбектері де зая кетпей, мектеп оқушылары мен мұғалімдері талай-талай белестерден өтіп жүр.

Бикеш Қатранқызының бастауымен Алқағаш негізгі мектебінің ұстаздары өз күштерімен білім ошағына күрделі жөндеу жүргізді. Мектептегі стендтердің барлығын жаңа стандарттарға сай өзгертті. Қазіргі таңда мектеп ауылдың “жүрегіне” айналып отыр. “Бүлдіршін” шағын орталығында жиырмадан астам бала тәрбиеленуде.

Аудандық мектептердің біразы оқушы жетіспеушілігінің салдарынан қайта құрылып жатса, алқағаштықтарда ондай мәселе жоқ. Ұжыммен бірге мектеп талай белестерден сүрінбей өтіп келеді. Бірақ, бір өкініштісі, әңгімемізге арқау болып отырған осы екі ұлағатты ұстаздың еңбегі лайықты бағаланып отыр дей алмаймын.

Диана ҚОЖАНОВА,

Солтүстік Қазақстан

кәсіптік-педагогикалық

колледжінің кітапханашысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp