
Отанымыздың елдігін, тәуелсіздігіміздің тегеурінін танытып, бізді кемел келешекке бастап бара жатқан Астанамыздың он жетінші туған күнін атап өттік. Осы жылдар аралығында еңсесіне таңдана, көркіне көз сүйсіне қараған елордамыздың Қазақстан үшін қадірін танытқан мерекелік шара ауқымды болды.
Біресе сіркіреп, ара-арасында нөсерлете жауған жауынды елемеген қаламыздың тұрғындары мен қонақтары бір-бір қолшатырдың астында тұрып, мерекелік шараларды тамашалады.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бой көтерген жаңа қала – әр қазақстандықтың мақтанышы. Қазіргі Астана – зор қарқынмен дамып келе жатқан заманауи қала. ЮНЕСКО-ның шешімімен “Бейбітшілік қаласы” атағына ие болған елордамыз бірегей сәулетімен барша қонақтарды таңғалдыруда, – деді облыс әкімінің атынан құттықтау сөз сөйлеген өңір басшысының бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров.
Мерекелік құттықтау жағымды сәтпен жалғасты. Елдегі қоғамдық келісімнің нығаюына, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Елена Балло Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар солтүстікқазақстандықтарға адал еңбегі, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін және Астана күнін мерекелеуге орай облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты табыс етілді.
Салтанатты түрде Астананың құрдастарына жеке куәліктер тапсырылды. Солардың бірі – Шыңғыс Жақып:
– Жеке куәлігімді Астана күні мерекесінде салтанатты жағдайда алғаныма қуаныштымын. Алла жазса, болашағымды жастар қаласымен байланыстырғым келеді. Елордамыздағы оқу орындарының бірінде жоғары білім алып, елімнің дамуына өз үлесімді қоссам деген тілегім бар, – деді.
Астананың құрдастары осылай құрметке ие болып жатқанда велошабандоздар 17 метрлік мерекелік лентаны жеткізді. Солтүстікқазақстандықтардың Астана қаласына деген ыстық ықыласының белгісі болған лентаны орталық алаңға жеткізу үшін Пестрое көлінен басталған велошеру ұйымдастырылған еді. Одан кейін жиналған қауымның алдынан өңірімізде өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің шеруі өтті. Өткен жылдарға қарағанда мазмұны тереңдеген мерекелік бағдарлама барысында қазақ ұлтының туу тарихы туралы театрландырылған қойылым да көрсетілді.
Бір ғана Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында түрлі өнер ұжымдары концерт берді. Мысалы, Тәуелсіздік стеласы алаңында “Стрит дэнс” деп аталатын фестиваль өтті. Онда би мектептерінің тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетті. Аталмыш фестиваль жастар биімен ғана шектелмеді. Көрермендер ұлттық билерді де тамашалады. Біреулер өнерлі жастардың биіне тамсанып жатса, келесілері қалалық Мәдениет және демалыс саябағының кіреберісіндегі “Қала таланттары” атты шараның көрермендеріне айналды. Сахна төрінде өнерлілер орындаған әр туынды Астанаға арналды.
Мемлекеттік мерекені тойлаудан “Қамқор” қоғамдық бірлестігінің өкілдері де шет қалмады. Бірлестік мүшелері өздері жасаған қолөнер бұйымдарын жұртшылық назарына ұсынды.
– Бұл көрмеге ағаштан жасалған бұйымдар, картиналар, қағаздан жасалған оригамилер қойылған. Көрмеге қойылған 200-ге тарта туындыны ересектермен қатар балалар да жасады. Біздің қауымдастық елордаға сүйіспеншілігін осылайша білдірді, – дейді облысымыздағы “Қамқор” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владислав Демьянов.
Жалпы мейрам күні облыс орталығының көптеген тұстарында түрлі шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, Пестрое көлінің жағажайында “Түрлі түсті бояулар” фестивалі өтті. Алаңға жиналған 500-ге тарта демалушы бір-бірін түрлі түске бояп, мереке сәнін келтірді.
– Бұл фестиваль биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Басты мақсатымыз – жастардың көңілін көтеру. Мерекені тойлауға ауа райы кедергі болмауы тиіс. Шынымен-ақ, фестивальға келушілердің қатары қалың, – дейді “Түрлі түсті бояулар” фестивалінің ұйымдастырушысы Влад Карпов.
Осылай жастардың дені мәз-мейрам болып, бірін-бірі түрлі түске бояп жатқанда басқалары веложарысқа қатысты. Аталмыш додаға қатысушылар Пестрое көлі аумағынан “Южный” бақылау-өткізу пунктіне дейінгі арақашықтықты жүріп өтті. Веложарысқа қатысушылардың жалпы саны 100-ге жуық. Араларында спортшылармен қатар әуесқойлар да бар.
Ал кешкілік Петропавл қаласының демалыс орындарында әсем әндер әуеледі. Жастарға арналған концерттік бағдарламалар ұсынылып, би кеші ұйымдастырылды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.