«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗАЛАНҒАНДАР ЖОҚ

“Qyzyljar – adaldyq alańy” жобалық кеңсесінде тауарлардың бағасын тұрақтандыру шаралары туралы онлайн жиын өтті.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұрат Нұрқановтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде тоғыз түрлі әлеуметтік маңызды тауарға шекті баға белгіленген. Олар: 1-сұрыпты ұн – 135 тг./кг., 1-сұрыпты ұннан пісірілген нан – 120 теңге, 1-санаттағы жұмыртқаның он данасы – 245 теңге, өсімдік майының 1литрі – 400 теңге, қара малдың жауырын және төс еті – 1800 тг./кг., ас тұзы – 55 тг./кг., күріш – 296 тг./кг., қарақұмық – 280 тг./кг., макарон – 200 тг./кг.

Сауда орындары шекті бағаны көтерсе, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, алғашында олар 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлесе, бір жылдың ішінде қайталап тәртіп бұзғандарға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Бұл мәселені қадағалайтын орган – қалалық әкімдік. Қала әкімінің өкімімен құрылған мониторингтік топтың құрамына прокуратураның, кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық кеңестің, тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі департаменттің өкілдері кірді. Олар осы күнге дейін 38 нысанды тексеріп, рейдтік шаралар жүргізді. Нәтижесі жұмыс тобының қарауында. Өңірде шекті бағаларды көтеріп, жазаланғандар жоқ. Кеңсе жетекшісі Амангелді Сатанов тұрғындар арнайы комиссияның жұмысынан бейхабар екенін айтып, тікелей эфир барысында сұрақ қойып, кәсіпкерлерді тексеруге атсалысуға шақырды.

Сауда министрлігі “BTS” компаниясымен бірлесіп “Карантин кезеңіндегі тауар қауіпсіздігі” web-платформасын жасап шығарды. Оның көмегімен онлайн режімде 19 түрлі әлеуметтік маңызды тауардың бағасын, сонымен қатар әр өңірде осы тауарлардың қанша қоры бар екенін де бақылауға болады. Бұл бір өңірден басқасына сарқыла бастаған тауарды уақтылы жеткізуге септігін тигізеді.

Алайда, қоғам белсенділері жиын барысында бағаны бақылау жөніндегі жұмысқа көңілдері толмайтынын жеткізді. Мәселен, Руслан Асаубаев есімді азамат “Семейный” дүкенінде салмағы 600 грамдық бөлке нанның құны 121 теңге тұратынын, шекті баға 120 теңге екенін айтып шағымданды. Басқарманың бөлім басшысы “Ерекше” деп аталатын нанның бұл түріне жоғары сұрыпты ұн қосылатындықтан, ол әлеуметтік маңызды тауарға жатпайтынын айтып түсіндірді. Ал Петропавл нан-тоқаш комбинатының “Қалалық” деген наны осы дүкенде 57 теңге тұратынын айтты.

1-санатты жұмыртқаның он данасының шекті бағасы 245 теңге болып белгіленгенімен, ол 319 теңгеден саудалануда. Бұған спикер құс фабрикасымен жұмыртқаны 230 теңгеден сату туралы келісім жасалғанын, жуық арада бөлшек саудада ол 240 теңгеден сатыла бастайтынын жеткізді. Ал сұйық май бағасын көтерме саудадағы құнының қымбаттығымен түсіндірді.

Облыстың тұрақтандыру қорында қазір 1-сұрыпты 1987 тонна ұн, 62 тонна макарон өнімі, 11 мың литр сұйық май, 85 тонна күріш, 40 тонна қарақұмық, 183 тонна қант, 326 тонна картоп, 54 тонна сәбіз, 35 тонна қырыққабат, 45 тонна сарымсақ, 66 тонна тұз бар. Бұл – екі айға жететін азық-түлік қоры. Бұған қоса алдағы уақытта көкөніс тағы сатып алынбақ.

 

Роза ШӘКЕНОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Сурет: https://www.arnapress.kz/
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp