Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында халқымыздың басына қара бұлт үйіріп, сүттің бетіндегі қаймағы саналған аяулы азаматтарынан айырған саяси қуғын-сүргіннің жарасы уақыт өтіп, замана көші алға жылжыса да жазылмақ емес. Ұлтымызды жаппай қара жамылуға душар еткен тарихымыздың ақтаңдақ беттерін тәуелсіздіктің талбесігінде тербеліп өсіп келе жатқан жас ұрпақ таразылай білуі тиіс.
Облысымыздың құрметті азаматы Болат Сағындықов жуырда жарық көрген “Зарлы заман зардабы” атты кітабында сол кездегі солақай саясаттың құрбанына айналып, тағдыр тауқыметін тартып, жазықсыздан жазықсыз “халық жауы” атанған жандардың қилы өмір жолдары, егемендіктің арайлы таңы атқан күннен бастап олардың ұрпақтарына көрсетіліп келе жатқан қамқорлықтар жайлы ой қаузайды.
Автор бұл жинағында қуғынға ұшыраған анасы мен әкесі жайлы, өзі жетекшілік етіп отырған “Память” қоғамдық қорының атқарған жұмысы туралы әр жылдары жергілікті баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары мен өлеңдерін топтастырған. “Әке, сенің жаққан шамың сөнбейді”, “Ағам көрді зар заманның запысын”, “Жазылмас жан жарасы”, “Ұлы нәубет”, “Не көрмедің, қазағым, не көрмедің” сияқты өзге де тақырыптардағы мақалалар зұлмат заманның ызғарлы лебіндей оқыған адамды бейжай қалдырмайды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласында: “Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ”, – деп атап көрсеткен еді. Ендеше, Болат Сағындықовтың тарихтың қилы-қилы кезеңдерінен, алмағайып сәттерінен мол мағлұмат беретін бұл туындысын оқыған адам ұтылмасы анық.
Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.