«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЙНАЙ БЕР, АРМАН ҚАЛА!

“Еңселі елорда, асқақтаған Астана!”. Бүгін біз осындай сөздерді мақтанышпен, бойымызға біткен ұлттық сана-сезіммен көкірегімізді керіп, басымызды көтеріп айта аламыз. Себебі, Арқаның төрінде, сылдырап аққан ерке Есілдің жағалауында орналасқан айбынды Астанамыз бүгінде біздің ғана емес, әлем жұртшылығының көзайымына айналған. “Елу жылда – ел жаңа” дейді дана халқымыз. Бірақ елу жылдың жартысында да емес, 17 жылдың ішінде жаңа қала – ару Астанамыздың көрсе көз тартар көрікті, қараса көздің жауын алар биік-биік ғимараттары қалаға сән беріп, жаңаша бағытта ерекшелендіріп тұр. Астанамызда орналасқан әсем ғимараттардың бірі – Бейбітшілік пен келісім сарайына тоқталсақ, оның іші түгіл, сыртының өзі ерекше бір әлем емес пе?! “Бәйтерегіміздің” өзі неге тұрады?! Барлық әсем ғимараттарды айтар болсақ, уақыт жетпейді. Астананың ауыз толтырып айтар жері, халық тамашалап, қызықтап көрер жері көп. Осы орайда еліміздің әр өңірінде, елді мекендерде атаулары Астанамен байланыстырылған дүкендер, сауда орындары, дәмхана, мейрамханалар, ауылдар, көшелер пайда болды. Тіпті, кейбір аудандарда Астананың көрікті ғимараттарының кішірейтілген көшірмелері қойылған саябақтар мен скверлер салынды. Мұның барлығы ел халқының еліміздің жүрегі – Астанаға көрсеткен құрметі деп білген жөн. Елордамызға осындай көзқарас қалыптасқан қоғамда өскен жас буынның да жұдырықтай жүрегі “Елім!” деп соғары сөзсіз. Өңіріміздегі “Жастар бастамалары орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі Астана күні қарсаңында түрлі шаралар өткізеді.

Жер бетіндегі Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан Астана Еуразия мен Азияны жалғастырушы алтын көпір, қақпаның кілті болса, күллі қазақ халқының жүрегі іспетті. Ол өзге елдермен терезесі тең, келешегі кемел, болашағы айқын және жұлдызы жарық қалалар қатарына қосылды. Осындай жетістікке жетіп, Астананың алып жатқан асуы – тұғырлы Тәуелсіздігіміздің, еңселі елдігіміздің арқасында Елбасымыздың қол жеткізген биік белестерінің бірі және бірегейі деп айта аламыз. Сондай-ақ, көпэтносты халықтың айрандай ұйыған ауызбіршілігінің және шаттығы шалқыған бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүріп жатқан ақкөңілді, кеңпейілді, ешкімді жатсынбайтын, арамдықтан ада, қиянаттан шет, жомарт мінезді, кез келген адамды бауырына баса білген бауырмал қазағымның арқасы. Жаңа заманда жасампаздықпен қалыптасып жатқан жаңа қаламыз жасарып, жайнай берсін!  

Нұрсаят САРКЕН,

облыстық “Жастар бастамалары орталығы”

 КММ-ның директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp