Жасанды интеллект, жаңа технологиялар, ақпараттың көптігі мен жылдамдығы үдеп бара жатқан өмір ағысы балалардың жүйкесіне де салмақ түсіруде. Ертегі айтып беретін әжесі, сабақ оқуға көмектесетін ата-анасы, аулада доп тебісетін қатарласы жоқ балалар ес білген шағынан бастап жалғыздықта өмір сүруде. Ақыр соңында бұл олардың оқу үлгеріміне, зейініне, мектептегі қарым-қатынасына, тұлға болып қалыптасуына кері әсер ететіні анық. Сондықтан да қазіргі білім ордалары балалардың тілін тауып, дұрыс жол көрсете алатын білікті психологтарға мұқтаж.
Мектеп ұжымы тек пән мұғалімдерінен ғана тұрмайды. Оның сыртында қосымша білім беру мұғалімдері, ассистенттер, ұйымдастырушылар, сынып жетекшілері мен психологтар бар. Осы топтың бірлескен әрекетінің арқасында ғана «адал азамат» тұлғасы қалыптасады.
Сала мамандары мен ата-аналар арасында оқушылармен жұмыс істей алатын жандар аз деген пікір кең тарағанымен, облыстық білім басқармасының өкілдері кадр тапшылығы айтарлықтай көп емес екенін айтады.
«Бүгінде облыс мектептерінде 361 педагог-психолог жұмыс істейді. 6 жұмыс орны бос тұр. Бос жұмыс орындарының саны мамандардың сәби күтіміне байланысты демалысқа шығуына және басқа жерге көшіп кетуіне байланысты өзгеріп отырады», – дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
Басқарма берген ресми деректер көңілдегі күмәнді сейілткендей болған. Алайда электронды еңбек биржасындағы ақпарат мүлде басқа. «Enbek.kz» сайтында облыс бойынша психолог мамандардың қажеттігі туралы 26 хабарландыру жарияланған. Он екі мектепке, үш балабақшаға, екі колледжге психолог қажет екені көрсетіліпті. Оған қоса, балалармен жұмыс істейтін орталықтарда да екі жұмыс орны бос тұр. Еңбек биржасындағы ақпаратқа сенсек, 15 ауылдағы мекемеге психолог қажет. Бір қызығы, мектеп мамандарынан қашықтан құжат қабылдап, хабарландыру жариялау үшін ашылған «hr. nobd.edu.kz» сайтында өңір бойынша облыс орталығындағы бір ғана жұмыс орнына іріктеу өтетіні айтылған. Бұл барлық ақпараттың жұмыс іздеушілерге арналған платформаларға жариялана бермейтінін көрсетеді.
Педагог-психологтардың аз болуының себебі жалақының мардымсыздығымен байланысты болуы бек мүмкін. Хабарландыруларда маманның айлығы 100-130 мың теңгенің айналасында екені көрсетілген. Бүгінгідей қымбатшылық жағдайында білікті маман үшін мұндай жалақының аздық етері айтпасақ та түсінікті. Оның үстіне барлық жерге жоғары білімді психологтар қажет. Кейбір ұйымдар маманды жұмысқа 2-3 жылдық еңбек өтілінсіз қабылдамайды. Ал психологиялық қолдау, түзету орталықтарындағы табыс жоғары. Егер емдеу мекемелерінде жұмыс істейтін психолог болсаңыз бірнеше есе көп жалақы алуға мүмкіндік бар. Психологтардан бөлек өңірдегі білім ордаларына 16 әлеуметтік педагог қажет.
Бүгінде құлақ естіп, көз көрмеген жаға ұстатарлық оқиғалардың көбі мектепте орын алып жатыр. Зиянды әдеттерге бой алдырып, кішкентай күнінен бұзақылық жасап, назарға іліккен оқушылардың көбейіп отырғаны қоғамды да алаңдатуда. Бір-біріне қол көтеріп, балағат сөздер айтып, үлкендерді тыңдаудан қалған тентектердің аз емесі рас. Оқу орындарына педагог-психологтардың қажеттігі осындайда білінеді.
Өңірде аталған бағытта арнайы психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Ашылғанына көп бола қоймаған орталық мамандары мектептегі әріптестерімен қоян- қолтық еңбек етіп, оларға әдістемелік көмек көрсетуде. Ондағылар да мектепте психолог болғысы келетіндердің аз екенін растап отыр.
«Бүгінде облыста психологтар мен әлеуметтік педагогтардың тапшылығы байқалады. Мұның басты себебі – мамандардың материалдық жағдайында. Педагог-психологтардың айлығы төмен. Ал жүктеме тым көп, жауапкершілік жоғары. Әріптестеріміз тек білім алушының эмоциялық жағдайына ғана жауап беріп қоймайды. Кризистік жағдайлардың алдын алу, ата-аналармен, мұғалімдермен жұмыс та психологтарға жүктеледі. Одан бөлек үздіксіз өтіп жататын іс-шаралар мен комиссиялардың жиындары бар. Біз бұл мәселені бірнеше мәрте көтердік. Оқушылардың осы салаға қызығушылығын оятатын іс-шаралар да өткізілуде», – дейді психологиялық қолдау орталығының директоры Наталья Качалкина.
Бүгінде мұндай қолдау орталықтары еліміздің әр өңірінде жұмыс істейді. Бір жарым жыл ішінде облыстағы орталық 769 ата-ана мен 3114 оқушыға көмек көрсеткен. Сенім телефонына 355 қоңырау түсіп, 918 адам кеңес алуға келген. Осыдан-ақ мектеп өміріндегі психолог мамандардың орнын бағамдай беруге болады.
Дүниежүзіндегі әр жетінші бала психологиялық қолдауға мұқтаж. Ал елімізде психологиялық есепке қойылған 18 жасқа дейінгілердің саны 44 мыңнан асады. Білім ордаларында қаншама бала өз ойларымен оңаша қалып, мұң шағар адам таппай, тағдырдың ауыр жүгін арқалап жүруге мәжбүр. Оқшау оқушылардың үлгерімі де төмендеп, болашағына кері әсер етеді. Ең жаманы қиын жағдайда қорғансыз қалған жасөспірімдер өз ашуын басқадан алып, теріс жолға түсіп, адамдармен текетіресіп, жамандыққа ұрынуы мүмкін. Тиісті психологиялық көмектің жоқтығынан жүздеген бала жас шағында өмірмен қош айтысып жатқанын ойлағанда жүрегің қан жылайды. Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері елімізде 400-ден астам жасөспірім суицид жасаған. Олардың 62 пайызы тұрмысы жақсы отбасының балалары болып шықты. Демек жасөспірімдердің өмірден баз кешуіне тұрмыс жағдайы емес, психологиялық әлсіздігі себеп. Мамандардың қолдауы, ата-ананың жүрек жылуы материалдық жағдайдан да маңызды нәрсе.
«Балаларды түзету жұмысы қажыр-қайрат пен шыдамды қажет етеді. Бұл бір күнде бітетін іс емес. Мен шет елдердегі коррекциялық бағдарламаларды көп зерттедім. Сондағы байқағаным, мамандар психологиялық дертке шалдыққан адамдармен өмір бойы жұмыс істейді. Адамның агрессиялық іс-әрекетін мысалға алайық. Оны қойдыруға маманның бірнеше жылы сарп етілуі мүмкін. Бала тәрбиесін балабақшадан бастау керек. Психолог боламын деген жанға терең білім мен еңбекқорлық қажет», – дейді Қызылжар ауданындағы әйелдер мен балаларды қолдау орталығының басшысы Алина Орлова.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».