Әлеуметтік желілерді пайдаланатын жастардың көбі қоғамда орын алып жатқан маңызды тақырыптар, түйткілді мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітеді, бір-бірлерінің көзқарастарына қанық болады, қарсы пікір айтушылар да табылады. Өрендердің ойлары, ұстанымдары қызу пікірсайыс алаңына айналады кейде. Олардың ұтымды деген сөздерін “Жас қыран” жастар қосымшасы назарына іліп, көпшілік оқырманға ұсынуды жалғастыруда. Бүгінгі тақырып жастардың жеке кәсіп ашып, оны көптің қажетіне жарата, өзіне де, елімізге де мол пайда түсіріп отырған жас кәсіпкерлер жөнінде болмақ. Әңгіменің өрбуіне Петропавлдың тумасы, бүгінде Алматы қаласында тұратын Еркіннің “Мен жалақы алатын адамдарды жалшы деп есептеймін” деген сөзі түрткі болды.
Данияр,
Петропавл қаласы:
– Еркін, сіздің ойыңызша, еңбекақыға жұмыс істейтін адамдардың барлығы жалшы болғаны ма? Бұл пікіріңізге түбегейлі қарсымын. Сөзіңізге қарағанда, жеке шаруасын ұршықтай үйіріп жүрген кәсіпкер болдыңыз ғой. Мүмкін, біраз адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған боларсыз? Сонда маңдай терімен адалынан ас ішіп жүрген сол жандардың өзі сіз үшін жалшы ма? Адамның, әсіресе, өзіміз секілді жиырманың бесеуін енді ғана бағындырған жастардың барлығы бірдей басқарушылық қабілетке ие, бастамашыл бола бермейді. Біреуі өнерге жақын болса, енді бірі техниканың тілін білуге құштар. Олардың барлығы бірдей жеке кәсіпкер бола берсе, қарапайым жұмысшылар қайда қалады?
Ақтолқын,
Мамлют ауданы:
– Данияр, ашуға берілмеңіз. Біз Еркіннің ойының дұрыс әрі бұрыс жағын көре білуіміз керек. Дамыған Америка, Франция, Жапония сынды мемлекеттердің өрендерінің көбі осылай ойлайды. Соған қарап, ондағы сана-сезімнің дамып, шарықтау шегіне ұмтылып бара жатқанын көруге болады. Ал тәуелсіздік алғанына жиырма төрт жыл ғана болған еліміз алпауыт мемлекеттер салған соқпақпен жүріп келе жатыр, десе де, әлі жете қойған жоқ. Сол себептен де күнкөрісін біреуге жұмыс істеу арқылы өтеп жүрген жандардың намысына тимей, еліміздің бақытты болашағы үшін аянбай, қабілет-қарымымызды жұмсай білейік.
Мамадияр,
Уәлиханов ауданы:
– Еркіннің сөзі қатты айтылса да, орынды деп ойлаймын. Жеке кәсібі бар адам өзінің ғана емес, отбасының, бір ауылдың, түптеп келгенде, мемлекеттің гүлденуіне ықпал етеді.
(Ғаламтордан алынды).